Орман қызметкерлерінің жалақысына 100% үстемеақы қосылады

0 240

Бүгіннен бастап еліміздің орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына қарай 100 пайыз үстемеақы ала бастайды. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Орман және табиғат қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерін жақсарту мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді.

Құжатқа сәйкес орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Олардың ішінде орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар.

Сондай-ақ 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы көбейеді.

Қаулыны іске асыруға 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8 480,1 млн теңге көлемінде қаржылық шығындар есептелген.

Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылады.

Жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өрт сөндіру стансаларының 1619 қызметкеріне қосымша ақы жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді.