12 жастағы баланың қолын еттартқыш шайнап кетті

0 186

Алматы облысы Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасына қолын еттартқыш шайнап кеткен 12 жастағы бала түсті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Анықталғандай, зардап шеккен бала анасына асүйде көмектескен, сол кезде электронды еттартқыш баланың қолын тартып кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, науқас ауруханаға қолы еттартқышқа кептелген күйінде жеткізілді.

«Бала ет тартып отырғанда қолында матадан тігілген қолғап болған. Электронды еттартқыш матаны орап әкетіп, баланың саусақтарын да тартып кеткен. Нәтижесінде хирургтар мен травматологтар науқасқа шұғыл ота жасады», деп түсіндірді Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Диана Сүлейманова.

Айта кетейік, дәрігерлер баланың қолы мен екі саусағын аман алып қалды. Бірақ қатты зақымданған үш саусақты сақтап қалу мүмкін болмады.

«Бес саусақтың екеуі – бас бармақ пен кішкентай саусақты аман алып қалдық. Өкінішке қарай, үш саусақты сақтап қала алмадық, еттартқышта жұлынып кеткен. Бала шокта болды. Бірақ есін біледі, сұрақтарға да жауап берді», деп толықтырды дәрігер.