Жаңа оқу жылына дайындық: білім саласында қандай өзгерістер бар?

0 133

Жаңа оқу жылын лайықты деңгейде қарсы алу – білім саласындағы басты міндеттердің бірі. Биыл облысымызда мектептерді жаңғырту, білім беру инфрақұрылымын жақсарту, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков пен облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев мәлімдеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Бүгінде облыста 1300-ге жуық білім беру мекемесінде 340 мыңға жуық бала білім мен тәрбиемен қамтылып, салада 40 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында оң динамика бар. Қазіргі таңда өңірдегі 661 мектепке дейінгі ұйымда 66 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Ал 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 98,9 пайызды құрап отыр. Жаңа оқу жылында облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 245 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 20 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың толық автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшуі саладағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Face ID» технологиясының енгізілуі ата-аналар үшін де бірқатар қолайлылық қалыптастырған.

– Мектепке дейінгі білім беру саласын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл, ең алдымен, ата-аналар үшін ашықтықты қамтамасыз етіп, қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2025 жылы облыста 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның 10-ы – жаңа мектеп, төртеуі – мектепке жапсарлас салынған құрылыс нысаны. Бұл жұмыстардың нәтижесінде апатты мектептерді азайтуға, оқушы орны тапшылығын жоюға және білім беру нысандарының жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Ең бастысы, бүгінде облыста үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапқан.

2026 жылы білім беру саласындағы құрылыс жұмыстарына да қомақты қаржы қарастырылып отыр екен. Биыл 14 нысанның құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 5 мектеп пен 9 мектепке жапсарлас құрылыс жоспарланған. Жыл соңына дейін 12 нысанды аяқтап, пайдалануға беру көзделсе, тағы екі мектептің құрылысы 2027 жылы аяқталады. Қазіргі таңда бір мектеп пен екі жапсарлас құрылыс пайдалануға берілген. Нәтижесінде бір тозығы жеткен, бір апатты мектептің мәселесі шешіліп, тағы бір білім беру ұйымы спорт залымен қамтамасыз етілді.

Білім беру нысандарын жаңғырту тек жаңа мектептер салумен шектелмейді. Биыл 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда тағы 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Оқушылардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы қайта тексеріліп, тиісті талаптардың орындалуына бақылау күшейтілді.

Білім сапасын арттыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану да маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл оқушылардың ғылыми-зерттеушілік қабілетін дамытып қана қоймай, олардың заманауи технологияларды меңгеруіне және инженерлік ойлау мәдениетін қалыптастыруына жол ашады.

Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін табады. Биыл кезеңділікке сәйкес 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынуда.

Әлеуметтік қолдауға да ерекше мән берілуде. 2026 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдауға 5,9 миллард теңге бөлінді. Бұл қаражат ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, киім-кешек сатып алуға және жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыруға бағытталды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен жекелеген санаттағы отбасылардан шыққан 38 343 оқушыны киім-кешекпен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге 2,5 миллард теңге бөлінген.

Биыл да «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы жалғасуда. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін акция аясында облыс бойынша демеушілер есебінен 4 500 балаға қаржылай, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға көмек көрсету жоспарланған.

– Біздің басты міндетіміз – әлеуметтік жағдайына қарамастан әрбір баланың жаңа оқу жылына толық дайын болып баруына жағдай жасау, – деді басқарма басшысы.

Білім саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтуге де басымдық беріліп отыр. Өткен оқу жылында «GPA» көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған 105 жас маман конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданған. Ал биыл 100-ден астам жас маманды білім беру ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Инклюзивті білім беру бағытында да атқарылған жұмыстар аз емес. Биыл өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 10 мыңнан асты. Олардың басым бөлігі білім және тәрбиемен қамтылған. Мектептерде, балабақшаларда және колледждерде инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Жамбыл және Сарысу аудандарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеттері ашылған. Тараз қаласында көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы топ іске қосылған. Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыру – білім саласының маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте олардың сапалы білім алуына ғана емес, қоғамға бейімделуіне де қажетті жағдай жасауға мән беріп отырмыз, – деді Мұхит Нысанбаев.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да жаңа бастамалар қолға алынған. Бүгінде облыстағы 42 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алуда. Жергілікті бюджет есебінен саланы трансформациялауға қаржы бөлініп, 6 салалық «HUB» кешені ашылған.

Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту арқылы студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік артып келеді. Жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламалары жаңартылып, колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Кәсіпорындар тарапынан 134 миллион 773 мың теңгеге құрал-жабдықтар алынған. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде құзыреттілік орталықтары ашылған. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде студенттердің цифрлық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға арналған «AI Innovation Academy» лабораториясы, жасанды интеллект пен бағдарламалау саласына мамандар даярлайтын «Tomorrow School» жобасы іске қосылған. Сондай-ақ химия және ауылшаруашылығы бағытындағы білім беру-өндірістік кластер жұмысын бастаған.

Жалпы, облысымыздың білім беру жүйесі жаңа оқу жылына тың міндеттермен қадам басып отыр. Заманауи мектептер салу, білім сапасын арттыру, цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, педагог мәртебесін көтеру, инклюзивті ортаны дамыту және әлеуметтік қолдауды күшейту – саланың негізгі басымдықтары болып қала бермек.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сала мамандарына өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Спикерлер журналистердің сұрақтарына нақты әрі жан-жақты жауап беріп, жаңа оқу жылына дайындық барысы мен білім беру саласындағы алдағы жоспарларды кеңінен түсіндірді.