Жамбылдықтар да қайырымдылық шарадан тыс қалмады
Халық қиыншылыққа тап болғанда ел болып қол ұшын созып, қайырымдылық көрсету қанымызда бар қасиет. Қасиетті Наурыз мерекесінен кейін ілешала басталған су тасқыныны жайлаған өңірлердегі ағайынның жағдайы жамбылдықтарды да бейжай қалдырмады. Қайырымдылық көмек ретінде 91 тонна азық-түлік, 22 тонна өзге де қажетті тауарлар мен ақшалай 5,8 миллион теңге жөнелтті. Сондай-ақ 23 тонна дәрі-дәрмек қарғын су астында қалған өңірге жетті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қиын шақта алғашқылардың бірі болып журналист, қоғам белсендісі, Мөлдір Анарбаева бастаған азаматтар ақтөбеліктерге «Біз біргеміз!» ұранымен гуманитарлық көмек жөнелтті. «Ауыл – береке», «Киров» базарлары мен №8 ықшам ауданындағы «Фиркан», «Скиф» сауда орындарына қойылған жүк көліктеріне кәсіпкерлер мен қала тұрғындары азық-түлік пен қажетті тауарлар артып, батыс өңірдегі жұртқа аттандырды.
Қазақстанды өз отаным деп сезінетін киелі Әулиеата өңірін мекен еткен өзге ұлт өкілдері топтасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік филиалы «Жүректен жүрекке» акциясы аясында азық-түлік пен қажетті тауарлар жинайтын нүктелері жұмысын бастады. Сондай-ақ тікелей ақшалай аударымға «Kaspi.kz» есепшоты ашылды. Нәтижесінде, өңірлік қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 200 мың теңге көлемінде көмек аударса, «Ассамблея жастары» бірлестігі 7860450 теңгеге гуманитарлық көмек жинады.
Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері де қайырымды істен шет қалмай, ақшалай көмек көрсетсе, «Архыз» бірлестігі 150 мың теңге аударым жасаған. Грек ұлтының өкілдері ақтөбелік ағайынға 400 мың теңгеге азық-түлік пен қажетті материалдар жөнелтті. «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі 9 миллион 500 мың теңгеге 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жөнелтті.
Ұйғыр ағайындар 1,5 миллион теңгеге жылу жинаса, «Шиват Цион» еврейлер бірлестігі 250 мың, «Манас» қырғыз этномәдени бірлестігі 3 миллион теңге, «Хазар» әзербайжан бірлестігі 1,1 миллион теңге, тәжік этномәдени бірлестігі 50 мың теңге және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі 10 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Ал М.Қашқари атындағы Шу аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жастары 10 миллион теңгенің азық-түлігі мен қажетті материалдарын жинап берді. Осылайша, этномәдени бірлестіктер бірлігі мен ынтымағын көрсетіп жатқанда Тараз қаласының тұрғындары да 1,1 миллион теңгенің азық-түлігін қабылдау пунктеріне алып келді. Облыстық жастар ресурстық орталығының жастары макарон, ұн, сұйық май, күріш, қант, шай мен резеңке етіктерден құралған 650 мың теңгенің гуманитарлық көмегін жинады.
– Өңірлерде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ресурстық орталығында гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмысын бастады. Тауар Тараз қаласы, Төле би даңғылы, 35 мекенжайында орналасқан облыстық волонтерлік фронт-офисте қабылданды. Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, түрлі мессенджерлерде таратылып, белсенді жастарымыз жеке кәсіпкерлермен жеке-жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, облыс бойынша 65,17 тонна тауар жиналды. Оның ішінде «Жастар ресурстық орталығының» гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне азық-түлік өнімдерінен 15 қап қант, 15 қап күріш, 10 қап ұн, 7 қорап «сәуле» печеньесі, 6 құты сұйық май, 7 қорап «мадина» макароны, вафли, түрлі печеньелер, сушки және азық-түліктік емес тауарлар мен киім-кешектерден 30 келі кір сабын, 6 дана резеңке етік, 3 қорап химиялық тауарлар жиналды. Тауарларды сұрыптауға 30 ерікті жұмылдырылып, орталық жылу жинау пунктіне жеткізілді.
Қазақ халқы қандай қиындықта да қол ұшын созған. Жақын емес, жаттың өзін бауырға баса білген. Сондықтан, осындай қиын қыстау кезеңде бірлігімізді көрсетіп, топан су астында қалған ағайынға көмек көрсетуге барша қазақстандықтарды шақырамын! – дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Иә, жастардың жігері қандай мақтауға да лайық. Мұндай игі бастамадан саяси партиялар да шет қалмауда. «AMANAT» партиясының мүшелері 78500 теңгеге азық-түлік пен қажетті тауарлар алып берсе, «Respublica» партиясы өңірлік филиалының мүшелері 98 мың теңгеге ыдыс-аяқ, төсеніштер мен матрастарды қабылдау нүктелеріне тапсырған.
Осылайша, бүгінде 49957000 теңгенің гуманитарлық көмегі жиналып, кеше азық-түлік тиелген жүк көліктері жолға шықты. Оның 100 тоннадан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлар болса, 5,8 миллион теңге ақшалай жөнелтіліп отыр. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша 210 ерікті су алған елді мекендерге көмек жинауға өз үлестерін қосуда. Бұдан бөлек, кеше 260 тонна пияз тиелген 13 жүк көлігі де Жамбыл облысы атынан төтенше жағдай жарияланған өңірлерге аттанды.
Әрине, бұл үйсіз-күйсіз қалған ағайынның жоғын түгендеп бермес. Алайда, жанға жұбату болса игі. Жығылған жұртпен қазақстандықтар бірге екенін сезінсе, көңілге сол да демеу. Әлбетте, мұндай жағдай енді қайталанбасын деп тілейміз. Ең бастысы, қауіптің беті сейіліп, халық қайта құтты қонысына оралсын!