Жамбылдық оқушылар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді үлес қосуда
Жамбыл облысында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экологиялық науқанды жамбылдықтар жылы қабылдап, белсенді қатысуда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 600-ден аса мектеп оқушысы қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымдарын әзірлеген. Бүгін олардың еңбектері «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі көрмеге қойылды. Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының шәкірттері алдағы уақытта да экологиялық науқанға үлесін қосып, шығармашылықтарын шыңдауға ниетті.
Бұл күні жас ғалымдардың инновациялық жобалары да көрмеге қойылды. Оқушылардың идеялары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға негізделген. Мәселен, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенко «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісхан «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасын «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебек «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыттың жобасын таныстырып, көпшіліктің жоғары бағасын алды.
Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылды. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысып, ауланың тазалығын сақтау бойынша өзара бақ сынасты. Жалпы, келіндер арасындағы байқау экологиялық мәдениетті қалыптастыру, береке мен бірлікті арттыру және ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруды көздейді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурсы өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула», Байзақ ауданында «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай аудандарында «Ең үздік аула», Т.Рысқұлов ауданында «Ең белсенді тұрғын», Талас ауданында «Ең үздік көше», Шу ауданында «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар осы күні волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында тазалық жұмыстары, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары атқарылды.
Осы бағыттағы акциялар барлық ауданда ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы өңірдегі жөл жөндеу жұмыстарына 23,1 миллиард теңге бөлінді. 469,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, 155,3 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 286,2 шақырым елді мекен көшелері мен 28,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы. Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.
Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.
2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 миллиард теңге қарастырылған.
Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.