Тараздық азаматша тез тәуелділікке алып келетін синтетикалық есірткімен ұсталды

0 46

Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов фейсбуктегі парақшасында xабарлады.

«Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 26 жастағы азаматшаны ұстады. Полицейлер оның сөмкесінен ерекше иісі бар жасыл түсті ұнтақ зат салынған түйіншек тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, анықталған зат – жалпы салмағы 4 грамм «Alfa-PVP» синтетикалық есірткісі болып шықты. «Alfa-PVP» — жүйке жүйесіне өте қауіпті психикалық белсенді әсер ететін, ағзаны бүлдіріп, тез тәуелділікке алып келетін синтетикалық есірткі.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бапқа сәйкес үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», деп жазды полиция генерал-майоры.