Шымкентте өңеші бітеу туылған сәбиге ота жасалды

0 455

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды. Нәресте ішкі ағзасының ақауынан тіпті ана сүтін еме алмаған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.  

Білікті дәрігерлер құрамы өміріне қауіп төнген бір күндік шақалаққа шұғыл түрде неонаталдық хирургиялық көмек көрсету шешімін қабылдайды. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бала анасымен жалпы палатаға ауыстырылған. Алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауында болады.

Бұған дейін түрлі патологиялары бар балалар мамандандырылған ауруханаға жіберілетін. Өйткені, перзентханада ондай медициналық көмек көрсетілмейтін.

Бүгінде жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға да ерекше көңіл бөлінген.