Шу теміржол вокзалы жөнделеді
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Шу өңіріне жұмыс сапары аясында тоғыз жолдың торабында тұрған Шу теміржол вокзалында болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігі.
Теміржол торабының жай-күйімен Шу теміржол вокзалының басшысы Шолпан Арысбаева таныстырды. Бірінші сыныпты вокзалдың жалпы алаңы — 7035,6 шаршы метр. Күнделікті қос бағытта 32 бірлік жолаушылар пойызын қабылдайды. Жолаушылар айналымы тәулігіне 1000-1200 адамды құрайды.
Қазақстан бойынша ауқымды бекеттер қатарындағы Шу стансасына 1989 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Вокзал басшысы вокзалдың ішіне және алдындағы алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда “Қазақстан Теміржолы” ҰК” АҚ тарапынан тиісті акт жасалып, вокзалды күрделі жөндеу жобасы дайындалуда.
Ал айналасын абаттандыру жобасын аудан әкімдігі дайындап отыр.