Құқықты қамтамасыз етуде жамбылдық прокурорлардың еңбегі зор

0 1 066

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бөлімі, 1-бапта «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»  деп атап көрсетілген, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Құқық — мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің жиынтығы екенін Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жете біліп, жалпы тәртіпті сақтауға міндетті.

Құқықты қамтамасыз етуде  Жамбыл облысының прокурорлары белсенді қызмет атқаруда. Мұны  «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жиі жүктеп тұратын ақпараттан да аңғаруға болады. Мәселен, биылғы 4 сәуір күнгі жарияланымда Тараз қаласының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалуы заңдылығына жүргізген тексерудің нәтижесінде Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен әзірленбеген 4 сметалық құжаттама үшін 75 миллион теңгені негізсіз мердігерге аударғанын анықтағаны жайлы ақпарат берген. Осы факті бойынша қала прокуратурасы Қылмыстық кодектің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша қылмыстық іс тіркеген.  Тергеп-тексеруді жүргізу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне тапсырылған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын еске салған.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен өткен облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде  жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі мәселелері қаралғаны жайлы кеше, 9 сәуірде хабардар еткен. Онда облыс прокуроры кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың және балалар қылмыскерлігінің алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың, полиция мен білім беру саласының жұмысындағы жүйелі кемшіліктер мен іс-қимылдың  жоқтығын атап көрсеткен. Биылғы 3 айда балалар жасаған қылмыс 112 пайызға, суицид 4-ке дейін өскен. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс деңгейі төмендемеген. Ескі форматта жұмыс істеп нақты нәтижеге жету мүмкін болмайтындығы, құқық бұзушылықтың маңызды құралдарының бірі — олардың жасалу себептері және жағдайларымен жұмыс істеу қажеттілігіне баса назар аударылған.

Облыс прокуроры тұрмысы қолайсыз отбасылармен, полицияда есепте тұрған адамдармен жұмысты жандандыру, сондай-ақ қиын өмірдегі жағдайдағы балаларға сапалы әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету қажеттігін тапсырған. Облыстық полиция департаментіне Қылмыстық-процестік кодексінің  200-бабына сәйкес, қылмыстық  қудалау органы ұсыныстарының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның ай сайын өтетін қарауы арқылы орындалуын қамтамасыз ету жүктеліпті.

Алқа мәжілісінде кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қарсы жасалған қылмыстарды тергеп, құқық бұзушылықтардың алдын алатын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі арнайы топ құру мәселесін қарау ұсынылған. Сонымен қатар учаскелік және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлерінің жұмысын бағалау критерлерін қалыптастыру мәселесі де қаралған.

Отырыс қорытындысы бойынша полиция, білім және әкімдік бөлімшелерінің басшыларын жауапкершілікке тарту бойынша қадағалау  актілері енгізілген.

Ал бүгін, 10 сәуірде жүктеген жарияланымда облыс прокурорлары ветеринария саласындағы бұзушылықтарды анықтағаны жайлы хабардар еткен. Прокуратура Ветеринария туралы заңнаманың қолдану сұрақтары бойынша тексерулер жүргізген. Тексеру нәтижесінде ауылшаруашылығы жануарларын есепке алу, қауіпті  аурулар ошақтарының алдын алу мен жою және вакцинациялардың бақылаусыз болу сұрақтарында жүйелі түрде бұзушылықтар анықталған. Соңғы үш жылда  облыста эпизоотялық жағдайды жақсартуға 6,8 миллиард теңге бөлінсе де «Сібір жарасы» ауруы жағдайы қанағаттанарлықсыз болып қалған. Вакцинацияланған жануарлар мен нақты мал басы туралы мәліметтердің сәйкес келмеу фактілері барлық жерде анықталған. Бұдан басқа Шу, Байзақ және Талас аудандарында ауру салдарынан сойылғаны туралы деректер енгізілгеннен кейін  жануарларды сату фактілері  айқындалған. 1400-ден аса малдың өлімі туралы мәлімет болған кезде мал иелері ветеринариялық инспекцияны хабардар етпей, мал өлімінің себебі анықталмаған. Жуалы ауданында 500 бас «ликозбен»  жаппай ауыру фактісі бойынша  карантиндік шаралар енгізілмеген.

Мал етін тасымалдауда, малды союда және қайта өңдеу қызметінің цехтарының қызметіне анықтама беру кезінде көптеген бұзушылықтар ашылған.  Тараз қаласының аумағында ауылшаруашылығы жануарларын стихиялық  саудамен және союмен ұзақ уақыт айналысқан 2 цех анықталыпты. Олар тиісті өкілетті органдардың назарынан тыс қалып келген. Тараз қаласындағы үш ірі азық-түлік базарынан қала тұрғындары мен келушілер күнделікті сауда жасайды. Осы іргелі сауда орындарында қой еті мен сүт өнімдеріне міндетті зертханалық зерттеулер жүргізілмейтіні анықталған.

Барлық құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды адамдардың әкімшілік және тәртіптік жауапкершілігі  шешіліпті. Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық және қадағалау комитетіне қадағалау актісі енгізілгені туралы да хабардар еткен.