Құқық бұзушылыққа жол жоқ

0 586

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қабылданған шаралар, жүргізілген мониторинг барысы және сыртқы талдаулардың қорытындысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров баяндама жасады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ішкі талдауды сапалы жүргізіп, анықталған тәуекелдерді уақытылы жоюды тапсырды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін де еске салды.

Өткен жылы облыс елімізде жол-көлік оқиғалары бойынша алдыңғы қатарға шыққан. Әрине, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының 495 километрі облыс аумағынан өтетіндіктен тәулік бойы ары-бері мың-мыңдап ағылып жатқан көлктің жол-көлік оқиғасына жиі ұшырауы көрсеткішті еселеп арттыратыны сөзсіз. Алайда, жол-көлік оқиғасы халықаралық жол бойында ғана орын алып жатыр деуге тағы болмайды. Облыстық мәндегі жолдарда да, Тараз қаласы мен ауылдарда да орын алып жатады. Аса өзекті мәселе облыстық әкімдіктің апта сайын өтетін кеңестерінде де күн тәртібіне шығарылып жатады. Комисия отырысында жол-көлік оқиғаларының  алдын алу, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мажикенов ағымдағы жылдың үш айында жол-көлік оқиғаларының артқанын жеткізді. Талдау көрсеткендей, елді мекендердегі жергілікті маңызы бар және көше жол желісінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей биылғы үш айда жол-көлік оқиғасы күре жолдың бойынан көрі жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылдарда жиі орын алған.

Ербол Қарашөкеев полицияның материалдық-техникалық базасы нығайғанына қарамастан, жол көлік оқиғаларының көрсеткіші артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ішкі істер органдары тарапынан жұмыстардың тиісті дәрежеде жүргізілмейтіндігін атап өткен облыс әкімі аталған мәселенің алдын алу мақсатында жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелерге жіті зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.