Қордайда бұлақ көздері жаңғыртылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында бүгін Алға ауылдық округінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауыл ақсақалдары, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.
Акция барысында Алға ауылы маңындағы тау бөктеріндегі бұлақ көзі тазартылып, қайта жаңғыртылды. Аудан әкімі қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және тазалық мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қордай ауданындағы бұлақ көздерін сақтау мен күтіп-баптаудың маңыздылығына тоқталып, бұл бастама табиғи мұраны келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталғанын жеткізді.
Шара аясында ақсақалдар ақ батасын беріп, бұлақтың көзін ашу рәсімі өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, туған жердің табиғатын көркейтуге өз үлестерін қосты.