Қазақстан мен Армения басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.
«Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды. Ширек ғасыр ішінде екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, үкіметтер мен парламенттер арасында байланыс орнады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің Ереванға сапары Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар.
Никол Пашинян Қазақстан Президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
«Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері, ал келесі жылы Арменияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Жалпы, бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін», деді Армения Премьер-министрі.