Ауыл шаруашылығы саласына ЖИ тәсілдерін жедел қарқынмен енгізу қажет

0 10

Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың елдегі ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізетін кез келді деген пікірін өте орынды ұсыныс деп бағалады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

«Өткен аптада Астанада іссапармен болған NVIDIA компаниясының басшысы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізетін кез келді деп, өз пікірін айтып кетті. Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек. Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ. Елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді. Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдегі су тапшылығы мәселесі жүйелі әрі батыл шараларды талап ететінін ерекше атап өтті.

«Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын асыра бағалау қиын су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде кеңінен енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі су шығынын азайтуға және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында орынсыз жұмсауға жол бермеуге тиіс. Судың бағасы оның нақты құнын көрсетуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформаны бастады. Енді бұл реформаны қисынды қорытындысына дейін жеткізу қажет. Суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуға тиіс. Су ресурстарын толық әрі нақты есепке алу үшін цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану аса маңызды. Бұл жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан Үкімет Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауы қажет», деді Президент.