Қазақ боксшысының жекпе-жегі нокаутпен аяқталды
АҚШ-тың Плант-сити қаласында отандасымыз, кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев кезекті жекпе-жегін өткізді. Былғары қолғап шеберлерінің шайқасы уақытынан бұрын аяқталды, деп жазады «Aulieatanews ақпараттық агенттігі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
10 раундқа жоспарланған жекпе-жектің түйінін Батыр Жүкембаев (23-1, 16 КО) 5-ші раундта шешті. Ол украиналық Иван Редкачты (24-6-1, 19 КО) осы кезеңде техникалық нокаутқа жіберді.
Боксшылар жартылай орта салмақтағы WBA Continental North Americas тұжырымы бойынша жұдырықтасты. Бұл белбеу Батыр Жүкембаевтың қанжығасына 2018 жылы байланған еді. Отандасымыз бұл жолы да беделді белбеуді өзінде сақтап қалды.
Айта кетейік, бұған дейінгі титулдық жекпе-жекте Батыр Жүкембаев әлем чемпионы, француз Мохамед Мимуннен (23-6, 4 КО) басым екенін дәлелдеген еді.