Оңтүстік өңірдің әскери қызметші қыздары Жеңіс күніне арналған парадқа қатысады

0 6

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының саптық алаңында 7 мамыр күні Астанада өтетін парадқа қатысатын әйел әскери қызметшілердің соңғы жаттығуы өтті. Салтанатты шеру Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналмақ, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тараз гарнизонының әскери бөлімдерінен парадқа қатысу үшін 10 әскери қызметші қыз іріктеліп алынды. Кандидаттар Сарыөзек, Гвардейский, Шымкент және өзге де гарнизондардан да таңдалды. Жалпы алғанда, еліміздің оңтүстік өңірінен 58 әскери қызметші әйел парадқа аттанбақ.

Соңғы жаттығу күні қыздарға сәттілік тілеген құттықтау сөзін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Ержан Мейірманов жолдады. Ол қыздардың саптық дайындықтағы табандылығын жоғары бағалап, олардың Астанадағы жаттығу барысында да, парад кезінде де өзін лайықты көрсететініне сенім білдірді.

Полковник Мейірманов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлер қолбасшысы атынан қыздарға сәтті дайындық пен жарқын өнер көрсету тіледі.

– Жерлестеріміздің парадта оңтүстік өңірді таныстыруы – бәріміз үшін үлкен мақтаныш, – деді полковник Ержан Мейірманов. – Олар мұнда бар күш-жігерін салды, Астанада да барын салып, парадта үздік өнер көрсететініне сенімдімін!

Соңғы жаттығудан кейін келесі күні әскери қызметші қыздар Астанаға аттанды. Сол уақытта Гвардейский және Сарыөзек гарнизондарынан парадқа қатысатын ерлер де елордаға жолға шықты. Әскери қызметшілер Астана маңында орналасқан арнайы далалық лагерьге қоныстанып, дайындықтарын сол жерде жалғастырады. Күн сайын өтетін жаттығулар олардың шеберлігін жетілдіре түседі.

– Біз бүкіл наурыз айы бойы тынымсыз дайындалдық. Мұндай маңызды іс-шарада өз өңірімізді таныстыру – үлкен жауапкершілік, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб батальоны әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы, кіші сержант Айдана Айтқұлова. – Бірақ, біз бар күшімізді салып, әскеріміздің үмітін ақтауға тырысамыз!

7 мамырда Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне арналған парадты бүкіл ел тамашалайды – шеру барлық республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіледі. Парадтық сап құрамының, соның ішінде әйелдер колоннасының шеруін оңтүстік өңір тұрғындары да үлкен толқу және мақтанышпен қарайды. Өйткені, саптағы жерлестер – барша халық үшін зор мәртебе!