Өңірлік БАҚ өкілдері Алматыда бас қосты

0 1 215

Алматы қаласындағы «Достық» үйінде  өңірлік баспа басылымдарының республикалық форумы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Форумды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өңірлік мерзімді басылымдардың әлеуетін күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарын жетілдіру мақсатында ұйымдастырды.

Салтанатты ашылу шарасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Ермұрат Бәпи,  Президент баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес қатысты. Кіріспе сөз сөйлеген спикерлер  еліміздің ақпарат саясатын жүргізуде өңірлік мерзімді басылымдарды жетілдірудің маңыздылығы жайында айтты.

Республика өңірлерінен келген БАҚ өкілдері бас қосқан форум екі күнге созылып, 5 панель бойынша өтті. Алғашқы күн «Басылымдарға сапалы контенттерді қалыптастыру», «Баспа басылымдарын  танымал ету, және тарату, сондай-ақ «Салалық журналистика» панельдері бойынша өтті.

Алғашқы панельде сараптамалық материал жазудың стилі, баспасөздегі сараптамалық сыни ойлауды дамыту, баспасөздердегі қате қолданылатын сөздер мен тіркестер,  журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың дизайны және суретке түсіру өнері туралы пайдалы ақпараттар берілді.

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов модераторлық еткен сессияда тақырыптар бойынша «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев,  филология ғылымдарының докторы  Орынай Жұбаева, «DAT» газетінің бас редакторы Құтмағанбет Қонысбаев, «Курсив» газетінің шеф редакторы Татьяна Николаева,  «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер баяндама жасап, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар  тақырыптарға байланысты бірқатар мәселе көтеріп,  пікірлерімен бөлісті. Өңірлердегі басылымдар мәселелері бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Рахановқа ұсыныстарын айтты.

«Халық үні» медиа холдингінің директоры Ринат Кертаев модераторлық жасаған екінші панельде өңірлік басылымдардың ерекшеліктері, дәстүрлі БАҚ-ты әлеуметтік желілермен интеграциялау, журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиажүйе, БАҚ-тардағы контент сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Мұнда «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істеу  жүйесіне көпшілік қызығушылық танытты.  Бас директор Марат Аралбаевтың айтуынша, «Сыр медиа» холдингіне өңірдегі 11 газет біріктірілген. Оның ішінде үшеуі облыстық газет болса, жетеуі аудандық басылым екен. Келесі форумды Қызылорда өңірінде ұйымдастырып, «Сыр медианың»  жұмысының тәжірбесімен танысу туралы ұсыныстар айтылды.

Ал салалық журналистика мәселелері талқыланған үшінші панельде бұқаралық коммуникация құралдарының этносаралық қатынастарға әсері, журналистік этика және стандарттары және этножурналистика, діни журналистика, әскери журналистика мәселелері талқыланды.

Форумның екінші күні баспа басылымдарын жетілдірудің жаңа тәсілдеріне арналды. Үшінші панель аясында баспа басылымдарын онлайн форматқа өткізу, басылымдарда «YouTube» арнасын қалай дамытуға болатыны, мерзімді баспасөздерге мамандар даярлау, әлеуметтік желі мен жасанды интелектің тиімділігі туралы тақырыптар қозғалды. Тақырыптар бойынша білікті мамандар баяндама жасап, кеңестер берді.

Сонымен қатар басылымдарда балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері айтылды. Осы салада ғылыми тұрғыда жұмыс атқарып жүрген мамандар балалар басылымдарының дамуы және оның балалар мен жасөспірімдердің медиа құзіреттіліктеріне әсері, мектептегі балаларға арналған мерзімді басылымдар, отандық комикстердің даму бағыты, балаларға қызықты ертегілер мен ғылыми танымдық бағыттағы конттенттер тұрғысында мерзімді басылымдардың журналистеріне қызықты ақпараттар берілді.

Форум қорытындысында ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес пен Мәдениет және Ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов өңірлік басылымдардың өкілдеріне форумға белсенділікпен қатысқаны үшін Алғыс білдірді.

Шара соңында ақпарат саласына сіңірген көп жылдық еңбегі үшін бірқатар БАҚ өкілі марапатталды. Олардың ішінде «Меркі тынысы», «Талас тынысы» және «Мойынқұм таңы» газеттерінің бас директоры Иенберген Олжас Ғалымұлы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Олжас Ғалымұлын лайықты марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.