Он сегіз жыл бойы бойтасалап жүрген
«Қылмыс түбі — жаза» дейді. Қылмыс жасап қашып кеткен адам қай елдің азаматы болсын әйтеуір бір ұсталады. Құқық қорғау органдарының құрығы ұзын. Мәселен, Жамбыл облысы Полиция департаменті экстризмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу кезінде 18 жыл бойы мемлекеттік іздеуде жүрген, сонымен қатар Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өткен шетел азаматын ұстаған. Ұсталған азаматтың көрші мемлекеттің аумағында қасақана кісі өлтіргені үшін 2006 жылдан бері мемлекетаралық іздеу жарияланғаны анықталған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
— Шетелдік азаматқа қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған. Қазіргі таңда оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Өзбекстан Республикасының аумағына экстрадициялау туралы мәселе шешілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды — деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция департаменті «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.