Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен күреске 200 миллион теңге бөлуді тапсырды

0 52

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен күреске 200 миллион теңге бөлуді тапсырды, — деп хабарлайды Elbasy.kz.

Тұңғыш Президенттің қоры Қазақстандағы коронавирус инфекциясымен күресу үшін 200 миллион теңге бөлді.

Бұл қаражат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бөлініп отыр.

«Бүгінде Қазақстанда эпидемияға қарсы барлық қажетті шара жүргізіліп жатыр. Мемлекет ең мықты деген шараларды қабылдады. Отандық бизнес те қауіпті инфекциямен күреске үлесін қосып жатыр. Мен әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамымыздың бірлігін көрсете отырып, осы бастаманы барынша қолдауға шақырамын. Бұл сынақтан сүрінбей өтеміз», — делінген Президенттің тапсырмасында.

Бөлінген қаражат Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктері арасында тең үлестіріледі.

Қаржылық көмек пандемияға қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық маскалар мен дезинфекциялық құралдарды сатып алуға жұмсалады

Сондай-ақ, ақшаның бір бөлігі балалар үйлері мен Астананың мамандандырылған ауруханаларын азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталады.