Мектепте әлімжеттік көргендер үшін бірыңғай сенім телефоны ұйымдастырылады

0 407

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыс барысында өңірдегі жұмыстың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына фактілерді жасыруға тырысады. Олар жұмыстан босатылып, жауапқа тартылатыны сөзсіз. Бірақ, бұл мәселенің шешімі емес. Мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырамын. Жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің бұзушылықтарды уақытылы анықтауын және жедел ден қоюын ынталандыру талап етіледі, – деді Е. Қарашөкеев.

Сондай-ақ жауапты тұлғаларға әлімжеттік көргендерге көмек көрсету үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және оқушыларды жаңа қызметтің жұмысы туралы кеңінен хабардар ету тапсырылды.

Облыс әкімі учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық жұмысының тиімділігін арттыру, білім беру мекемелерінде, оның ішінде, мектеп-интернаттарда бейнебақылау камераларының санын көбейту, оларды полиция департаментінің жедел басқару орталықтарына қосу міндетін қойды. Өңір басшысы білім беру мекемелерінде психологиялық қызметті күшейтудің және мектеп психологтарының біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

– Психологтар білім басқармасымен тікелей жұмыс істеп, мәселелер туралы жедел хабарлауы, өз бетінше маңызды шешімдер қабылдауы және мектеп басшылығына тәуелді болмауы тиіс, — деді Е. Қарашөкеев.

Жалпы, облыс әкімі өңірдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тиісті органдардың жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ол әлеуметтік желілерде мектептердегі мәселелерге қатысты шағымдардың саны артқанын, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 3,8 пайызға өскенін атап өтті.

– Балалар қиын жағдайларда қалай және қайда жүгіну керектігін білуі маңызды. Оларды толғандыратын мәселе туралы жасырын түрде айта алуы керек. Барлық сынып кабинеттерінде сенім телефонының нөмірімен плакаттар ілу қажет. Балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін кәсіби психологтар жұмыс істеуі тиіс. Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, не мазалайтыны туралы ойларын ашық айтуы керек. Жазатайым оқиғалардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта болады. Сондықтан, балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда ата-аналармен өзара әрекеттесуді күшейту маңызды, — деп атап өтті облыс әкімі.

Отырыста ҰБТ-ға дайындау және өткізу, жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, лагерьлерде, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ аймақ басшысы мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Биыл өңірде білім беру саласын қаржыландыруға 320,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды (2023 жылы – 282,8 миллиард теңге).

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев лицензиясыз жұмыс істеген үш мектепке қатысты қысқа мерзімде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл өңір мектептерінің заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру бойынша мониторинг барысында анықталды.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысы мен орынбасарларының, бірқатар аудан әкімдерінің, полиция департаменті басшылығының есептері тыңдалды.