Мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді
Қордай ауданыда ауылшаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 33,4 миллиард теңгеге жетсе, басым бөлігі мал шаруашылығына тиесілі. Бұл аудан басшылығының мал шаруашылығын дамыту үшін инвестиция тартуға айрықша назар аударуымен қатар, тұрғындарының тынымсыз еңбегінін нәтижесі.
Қазір мал төлдету науқанының қызған шағы. Бұл ретте шаруалар науқанды ойдағыдай өткізу үшін барын салуда. Ноғайбай ауылындағы «Мұхамбет» шаруа қожалығының қойы қоздап, жылқылары құлындап, нағыз науқандық кезең өтуде. Сондай-ақ «Мұхамбет» шаруа қожалығында қазіргі таңда 420 бас саулық қой бар. Шаруалар «әр 100 саулықтан 100 қозы алуға барлық мүмкіндігіміз бар» дейді. Олар шаруаларға үлкен қолдау көрсетіп отырған аудан басшылығына, ауылшаруашылығы бөлімі мен ветеринария қызметкерлеріне зор алғыстарын білдіруде.
Қазіргі таңда ауданда 417 479 бас қой тіркелсе, оның ішінде 150 626 бас саулық мал төлдету науқанына қатысуда. Өткен жылы аудан бойынша әр 100 саулықтан орташа есеппен 72 қозы алынған болса, биылғы жылы қыстың қолайлы болуына байланысты бұл көрсеткіштің артуы күтілуде.