Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

0 311

Полиция мен білім беру органдары тарапынан атқарылып жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, бала тәрбиесі бойынша ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуінен, ата-ананың жұмысбастылығынан назардан тыс қалған жасөспірімдер көше кезіп, қаңғыбастықпен айналысып, нәтижесінде қылмыс жасау деректері орын алуда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Заман көші алға озған сайын жасөспірімдер тарапынан заң бұзу­шылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар айрықша мән-мағынаға ие болуда.

Тараз қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі  ювеналдық полиция бөлімшесімен ағымдағы жылы «Қауіпсіз мектеп»  «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Оның аясында ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының және қоғамға жат іс-әрекеттердің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты жасалатын қылмыстардың жолын кесу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, полиция бөлімдерінің мәжіліс залдарына профилактикалық есепте тұратын бейресми көшбасшылар, қылмысқа немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа бейім кәмелетке толмағандар және жайсыз отбасылар шақыртылып, бейнероликтер көрсетіліп профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары прокуратура мобильдік қызметкерлерімен бірлесе отырып  «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Іс-шаралар барысында 724 бірлескен рейд ұйымдастырылды, оның 364-і — мектеп жанындағы рейдтік іс-шаралар. Рейд барысында ҚР ӘҚБтК-ің түрлі баптары бойынша 2715 әкімшілік хаттама толтырылды. Күнделікті өткізген рейдтік және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде түрлі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Жамбыл облысы ПД-ің ПБ-не кәмелетке толмаған 1550 жасөспірім жеткізілді. ҚР ӘҚБК-нің 127-бабымен өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс дәрежеде орындамағаны үшін 143 ата-анаға  әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. ҚР ӘҚБК-нің 132-бабымен түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 73 әкімші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 849160 теңге айыппұл салынды. ҚР ӘҚБК-нің 200-бабы бойынша алкогольдік өнімдерді сатудың ережесі туралы заңнаманы бұзудың 44 дерегі анықталып, жеке кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік істер сотқа жолданып, 2215200 теңге айыппұл салынды. ҚР ӘҚБК-нің 435-бабы — кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық дерегі бойынша  27 ата-ана жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБК-нің 440-бабының 2-бөлігі — он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі дерегі бойынша 7  ата-ана жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБК-нің 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 1237 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 138 кәмелетке толмаған,  60 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 344 жасөспірім және 314 жайсыз отбасы есепте тұр, 15 тұлға ата-ана құқығынан айырылды немесе шектелді, арнайы мектепке 5 жасөспірім оқшауланды, 75 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына орналастырылды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан 50 іс қаралды. Оның ішінде, ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу бойынша 19, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша 16, оқуға орналастыру бойынша 3, арнайы мектепке орналастыру бойынша 12 іс-құжат бар.

Атқарылған жұмыстарға қарамастан екі ай қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар 9  қылмыс жасаған, бұл өткен жылғыдан 80,0%  өскен деген сөз. Жүргізілген талдау, 8  қылмыс  2023  жылы  қылмыстық іс қозғалып,  өндіріспен  2024  жылы  аяқталғанын  көрсетті. Бұл қылмыстарды 11 жасөспірім, оның ішінде 6 колледж білімгері, 5 мектеп оқушысы жасаған. Орын алған жалпы қылмыстың 55,5 пайызы немесе 5 дерегі  бөтеннің мүлкін ұрлау және мал ұрлығы қылмыстары.

Жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі — әлеуметтік теңсіздік, жасөспірім өз ортасындағы басқа баларға еліктеп, қымбат ұялы телефон немесе сәнді киім алуға және тағы басқаға ұмтылады. Жасөспірімдер қылмысының себептерін талдау оларға ең алдымен қадағалаусыздықтың, яғни отбасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы ықпал ететінін көрсетіп отыр. Сол себептен, бала тәрбиесінде жауапкершілік жүгін бір ғана құқық қорғау, білім беру органдарына артып қоймай, жалпы қоғам болып күрескенде ғана ұлағатты жас ұрпақты тәрбиелеуге қол жеткізуге болады.

Балалар тәрбиесінде жанұя, ата-ана, қоршаған ортасының да мәні зор.