Еттің бағасы ерекше қымбат

0 200

Ет тісімізге емес, түсімізге кіруі мүмкін. Себебі бағасы қымбаттап жатыр.

Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақта Наурыз көже пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады. Оны қазы-қарта, жал-жаясыз елестету мүмкін емес. Бірақ, биыл үстел үстін етке толтыру көпшіліктің қалтасына салмақ салатын секілді. Себебі, бағасы шарықтап барады. Жылқы еті бір жылда 4,3% қымбаттады.  Тиісінше, қазақтың дәстүрлі тағамдары – қазы мен жая бағасы да әжептәуір жоғарылаған.

«EnergyProm» порталының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда биыл 1 ақпандағы жағдай бойынша 4,2 миллион жылқы болған – бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 9,4 пайызға көп. Алайда Қазақстанда жылқы етінің өндірісі айтарлықтай төмендеген. Қаңтарда елімізде 281 тонна жылқы мен жылқы тектес жануарлардың жаңа сойылған еті өндірілген, бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,3 пайызға аз. Бұл ретте тоңазытылған ет өндірісі былтыр 13 тонна болған еді, ал бүгінде бұл көрсеткіш небәрі 8 тоннаға жеткен. Осылайша жылқы етінің бағасы көтеріліп жатыр. Мәселен, ақпанның қорытындысы бойынша жылқы еті жалпы бір жылдың ішінде 4,3 пайызға қымбаттаған. Сәйкесінше, жылқы етінен жасалатын өнімдер бағасы, яғни қазақстандықтардың сүйікті тағамы қазы (4,8 пайызға) мен жаяның құны (2,5 пайызға) өсті. Қазақстан бойынша жылқы еті ең қымбат өңір – Павлодар облысы – мұнда жылқы еті бір жылда 10,8 пайызға қымбаттаған. Ақмола облысында жылқы етінің бағасы – 9,8 пайызға, Маңғыстау облысында – 9,6 пайызға жоғарылаған. Алматыда жылқы етінің бағасы – 4,5 пайызға, ал Астанада небәрі 0,7 пайызға өскен. Шымкентте ғана бір жыл ішінде жылқы еті 4,6 пайызға арзандаған.

Еске салайық, Қазақстанда жылқы еті ғана емес, өзге ет түрлері – сұрпына байланысты орташа есеппен 5-9 пайызға қымбаттап жатыр.