Енді ХҚКО-лар ЖИ көмегімен кезексіз қызмет көрсетеді

0 6

Еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары интеллект технологиялары қолданылатын заманауи цифрлық офистерге трансформацияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ХҚКО-ларға келетін азаматтар саны 30 пайызға азайған. Бұған бірқатар мемлекеттік қызметтердің алғаш рет онлайн форматқа көшуі себеп болған. Олардың қатарында электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеу, көлікті алғаш тіркеу, жер учаскесіне акт алу және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт рәсімдеу қызметтері бар.

Осыған байланысты ХҚКО-лардың жұмыс форматы да өзгеріп жатыр. Жаңа кеңістіктер кезекті азайтып, азаматтарға қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін ашық әрі ыңғайлы форматта ұйымдастырылады.

««Жалпы аумақтың 70%-ын негізгі бөлігін экспресс-аймақ алады. Онда қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы дербес алуға болады. Сонымен қатар офисте консультант көмек көрсететін сараптамалық және оқыту аймақтары да бар. Алғашқы заманауи офис Жезқазған қаласында ашылды. Кейін цифрлық офистер Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады. Небәрі бірнеше айдың ішінде цифрлық офистер 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті», деді Жаслан Мәдиев.