Еліміздегі ахуал өте күрделі

0 51

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ең алдымен, мен еліміздегі қазіргі ахуалға тоқталып өткім келеді. Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі», деді ел Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр.

«Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан.

«Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезілді.

«Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек», деді ол.