Елена Рыбакина WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған америкалық Тейлор Таунсендпен бетпе-бет келді.
Бұл қос спортшының алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте Рыбакина брейкке қол жеткізіп, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Екінші сетте керісінше есеп 3:4 болғанда, қазақстандық теннисші қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды – 3:5. Дегенмен артынша өз қателігін түзеді – 5:5. Бірақ тай-брейкте Таунсенд сәтті ойнады – 7:6 (7:3).
Үшінші, шешуші партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы алысқа ұзатқан жоқ – 2:2. Ақыры Рыбакина матчты брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 16 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Таунсенд 9 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, тағы бір америкалық Мэдисон Кизбен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингіде 43-орындағы қытайлық Синьюй Ванның мысын басты – 6:4, 7:6 (7:5).
Бұдан бұрын Индиан-Уэллс WTA 1000 додасында М.Кизді тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева оңай ұтқан еді – 6:4, 6:1.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Майамиде қытайлық Чжан Шуаймен бірге алғашқы айналымнан аса алмады. Олар жарыстың 8-ракеткалары, германиялық Лаура Зигемунд – тағы бір қытайлық Сюй Ифаньға жол берді – 6:7 (4:7), 3:6.