Дін мәселелері бойынша оқыту семинар өтті
Жуырда Тараз қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мақсатында екі күндік семинар өтті. Оған дін саласындағы саясатын іске асыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға мүдделі жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дін мамандары, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мамандары және журналистер мен мешіт имамдары қатысты, «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Оқыту семинарына арнайы шақырылған республикалық маңызы бар лекторлар, атап айтқанда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің танымал дінтанушылары мен оқытушылары, психологтар мен блогерлері жүргізіп, актуалды тақырыптарда дәрістер оқыды. Тақырыптардың бірі — деструктивті діни ағымдардың арбау жолдары мен қауіп-қатері болса, келесісі тұрғындардың, әсіресе жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуі тәсілдері болды.
Сонымен бірге, казіргі заманға сай Интернет жүйесінде жұмыс жасау үшін заманауи тәсілдерімен арнайы шақырылған «SММ» маманы да өзінің әдістерімен бөлісті. Дәрістер тыңдалғаннан кейін қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, мәнді жауаптар алынды. Нәтижесінде, семинарға қатысушылар облысымыздың жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары бірлескен қимылдар арқылы, дәстүрімізге жат, санамызды улайтын діни ағымдардың алдын алуы керектігі, тұрғындардың діни экстремизмге кері көзқарасын қалыптастыру мақсатында елді мекендерде діни ахуалды тұрақты түрде зерделей отырып, ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын жандандыруды бірауыздан мақұлдады.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.