Cу басқан өңірлерде 3 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істеп жүр

0 213

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Орталық коммуникациялар алаңының сайтына сілтеме жасап.

«Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. 30 психолог жұмылдырылды. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылып жатыр. Мәселен, өткен тәулікте Құлсары қаласындағы перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 5 жүкті әйел медициналық ұйымдарға көшірілді»,  деді спикер.

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланып, мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылған. Қазір уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар.

«4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды. Өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр және министрліктің тұрақты бақылауында тұр», деді ведомствоның ресми өкілі.