БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН
Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін Президенттің Жолдауы жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі, халықтың назарын ерекше аударды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістері туралы бастады. Дәл осындай қиын тұста еліміздің әлеуметтік дамуына, табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, әлем пандемияны толық жеңуі үшін кем дегенде 2 жыл мерзім уақыт керек екенін, ал қазіргі таңдағы пандемия алып келген экономикалық-әлеуметтік дағдарысты қалыпқа түсіруге 5 жыл уақыт кететіні де айтылды.
Қай қоғамда болмасын әрбір саналы азамат білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Қазіргі қоғам білімді жастардың қоғамы. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен білім саласында болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтар менің жаныма жақын.
Жолдауда ел дамуындағы барлық маңызды деген мәселелерді айтып, бесінші білім беру саласына тоқталып өтті. Президент пандемиялық жағдайға байланысты карантиндік талапты қатаң сақтай отырып, дәстүрлі жүйе бойынша білім алуға барша жағдай жасауды тапсырып отыр. Әрбір оқушы мен ұстаздың денсаулығы мен өмірі аса қымбат екенін де естен шығармауды айтты. Қашықтықтан білім беру жүйесінде де барынша дамытылған онлайн білім беру платформаның дайындалу керек екенін тілге тиек етті. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды. Сонымен қатар, Президентіміз жылдағы Жолдауында атап айтатын тағы бір мәселе ұстаздардың еңбекақысы жайлы болды. Алдағы қаңтар айында ел ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Мен еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш жігерімізді сала отырып, еңбек ету біздің басты парызымыз деп санаймын.
Салтанат Омарова,
Талас ауданы