Бақытжан Орынбеков этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті

0 1 644

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуелі шаһар басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Айшықты мереке бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп отырған халқымыздың асыға күтетін мейрамына айналды. Бұл елімізде бірлік пен жалпыұлттық келісімнің салтанат құрғанының айқын көрінісі. «Татулық пен келісім ұйыстырар ел ішін» демекші, ынтымағымыз бен саяси тұрақтылығымыз – біздің басты байлығымыз. Бұған сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор.

Қаламыздағы түрлі этнос өкілдері ұдайы игі істің басынан табылып, бірліктің ерен үлгісін көрсетіп келеді. Айталық, еліміздің көптеген аймағында орын алған су тасқыны кезінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған штабтың тарапынан төтенше жағдайдан зардап шеккен өңірлерге қажетті заттармен қамтуға 57 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Аталған игі бастамаға атсалысқан әрбір жанға алғысым шексіз.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Ассамблеяның бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келе жатқанын баса айтып, баршамызды ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етуге шақырған болатын. Олай болса, Президент жүктеген міндеттер мен мақсаттарды өздеріңізбен бірге жүзеге асыратынымызға сенімім мол, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарын табыстады.

Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Махметғали Сарыбеков, «Жамбыл облысы бойынша орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Закир Шарипов және «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш ақжарма лебіздерін арнап, алғыс білдірді.