Балықты заңсыз аулаймын деп жазалы болды

0 24

Ағымдағы жылдың 16 сәуірінен бастап Жамбыл облысында балық кәсіпшілігі су айдындарында (учаскелерінде) және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда уылдырық шашу кезінде балық аулауға тыйым салатын «Уылдырық-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Іс-шара аясында тәртіп сақшылары Қордай ауданы Бетқайнар ауылының оңтүстігіндегі каналдан балық аулаған екі адамды көрген. Полицейлерді байқаған ер азаматтар қармақтарын суға лақтырып, қайықпен қашып құтылмақ болған. Дегенмен заңсыз балық аулағандар алысқа ұзай алмады. Олар осы Бетқайнар ауылының 24 және 45 жастағы жұмыссыз тұрғындары болып шықты. Ұсталғандар кінәсін мойындады.

Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы, 3-бөлігі (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын өрескел бұзу) және 667-бабы 1-бөлігі (құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс материалдары процессуальдық  шешім  қабылдау үшін Қордай аудандық сотына жіберіледі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Уылдырық – 2021» жедел-алдын алу шарасы облыс аумағында 2021 жылдың 30 мамырына дейін жалғасатын болады.