БАЛАЛАР ЕҢБЕГІНЕ ҚАРСЫ 12 КҮН

0 54

Жуырда Меркі ауданында №44 жалпы білім беретін мектепте «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы өтті. Акцияның мақсаты білім беру органдарының өкілдері мен полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары жөнінде айтып беру еді.

Балалар еңбегін пайдалану және балалардың құқықтарын кемсіту жағдайларының алдын алу мақсатында 9-11 сынып түлектері, бейінді үйірмелермен айналысатын оқушыларымен бірге мектеп психологтары аталмыш тақырып бойынша тренингтер және  сауалнамалар жүргізді. Онда оқушыларға жазғы кезеңде жұмысқа орналасу үшін қайда, қандай мекемеге жүгінуге болатындығы және кәмелетке толмағандарды пайдаланатын жағдайда не істеу керектігі жөнінде мамандар кеңес берді. Сондай-ақ мектеп педагогтары оқушылар арасында адам саудасының алдын алуға бағытталған «Сен өз құқығыңды білесің бе?», «Балалар зорлық-зомбылық үшін емес» атты плакаттар байқауын ұйымдастырды, жастардың құлдыққа қалай тартылатыны туралы ақпараттық бюллетеньдер дайындады. Психолог мамандар орта жастағы балаларға «Қанаудың құрбаны болмау жолдары» тақырыбында әңгіме-тренинг өткізді.

Мектепте жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі мен жарақаттануының алдын алу бойынша ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, кез келген ата-ана өз  балаларының денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына және ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындау үшін баланы қабылдауға немесе жұмысқа тартуға заңмен тыйым салынатынын білуі керек. Балалар еңбегін пайдалануды болдырмау үшін ересектер балаларды уақытша жұмысқа орналастыру кезінде заңды негіздерде еңбек шарттарын жасасу туралы хабардар етілуі тиіс.

«Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға тартылғанын білсеңіз, оған немкетті қарамай, тиісті құзырлы органдарға бірден хабарлағаныңыз жөн. Өйткені бала денсаулығы оның құқығын қорғау  –  бәріміздің ортақ ісіміз», — деді заң мамандары.

Әрбір ата-ана еңбек заңнамасының нормаларын сақтауға, балалық шақтың құндылығын, баланың құқығы мен оның бостандығын сақтауға шақырамыз!