Ауыл шаруашылығы: өсім бар, ауқымды жобалар жүзеге асуда
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында өңірдегі аграрлық саланың биылғы он айдағы даму көрсеткіштері, мемлекеттік қолдау шаралары, егін және мал шаруашылығындағы нәтижелер, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған ірі инвестициялық жобалар сөз болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Бүгінде ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Саланы дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шаруалардың әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар қолдау тетіктері іске асырылуда. Атап айтқанда, 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласына 47 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 33,5 миллиард теңгесі субсидиялауға, 6,5 миллиард теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, 7 миллиард теңгесі «Ауыл аманаты» жобасына бағытталған.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыстағы 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 32,2 миллиард теңге субсидия төленген. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 909 агроқұрылым 20,3 миллиард теңге көлемінде несие алған.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде салада оң динамика қалыптасқан. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 562,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан. Оның ішінде егін шаруашылығында 361,3 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 199,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Егін шаруашылығында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 654,9 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,9 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 377,3 мың гектарға, майлы дақылдар 43,4 мың гектарға, қант қызылшасы 9,9 мың гектарға, көкөніс 29 мың гектарға орналастырылған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану да күн тәртібінен түскен емес. Биыл халықаралық қаржы институттарының, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 91 суару каналын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде мұндай әдістер қолданылатын алқаптардың көлемі 76,8 мың гектарға жеткен. Оның 52,8 мың гектарында тамшылатып, 20 мың гектарында жаңбырлатып суару технологиясы пайдаланылса, 3,9 мың гектар жер лазерлік жоспарлау әдісімен тегістелген.
Әбдірәсіл Желеубаевтың сөзінше, алдағы уақытта да су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасады. Бұл – суармалы жерлердің өнімділігін арттырып қана қоймай, су шығынын азайтуға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де басымдық беріліп отыр. Соның бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін ірі өндірістік кешені. Құны 800 миллиард теңгені құрайтын жобаның алғашқы кезеңінде жылына 500 мың тонна жүгері өңдеу көзделген. Өндіріс орнының іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірге түсетін инвестиция көлемінің артуына ықпал етпек.
Аталған кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында биыл дәндік жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 25,6 мың гектарға жеткізілген. Жыл қорытындысында 179 мың тонна өнім жинау жоспарланса, қазіргі таңда 25,4 мың гектардан 178,5 мың тонна жүгері жиналған.
Қант қызылшасын өсіруде де ілгерілеу бар. Биыл дақыл көлемі 3,3 мың гектарға артып, жалпы 9,9 мың гектарды құрады. Шаруалар 450 мың тонна тәтті түбір жинауды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін 2,9 мың гектар алқаптан 159,5 мың тонна өнім жиналып, оның 104,9 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілген.
Қазіргі таңда облыстағы қант зауыттарының жиынтық өңдеу қуаты 450 мың тоннаны құрайды. Жыл соңына дейін шамамен 44 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Бұл өңірде қант қызылшасын өсіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады.
Жалпы, биыл жыл қорытындысымен 3,6 миллион тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін жинау межеленіп отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,2 миллион тоннаны құраған болатын.
Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Бүгінде облыстағы жалпы мал басы 4,1 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 476 мың, қой – 3,4 миллион, жылқы – 200,3 мың, құс саны 2,5 миллион басты құрап отыр.
Өнім өндіру көрсеткіштері де көңіл қуантады. Жыл басынан бері 200,5 мың тонна сүт, 98,3 мың тонна ет және 98,1 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 1,9, 2,4 және 13 пайызға жоғары.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында биыл 13,2 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 11,2 мың бас мүйізді ірі қара және ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Мал басын асылдандыру мақсатында Австралия, Венгрия және Чехия елдерінен мал жеткізу көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта аталған бағдарламалар аясында жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба қаржыландырылған. Оның бесеуі бойынша 3 мың бас мүйізді ірі қара, ал қалған үш жоба аясында 5,5 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған.
Аграрлық саланың дамуына инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алған. Биыл ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне жалпы 154,1 миллиард теңге инвестиция бағытталып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 есеге өскен. Бұл ретте жылдық жоспар 115 миллиард теңге болса, нақты нәтиже межеден 34 пайызға жоғары орындалған.
Жалпы, 2026 жылы облыста құны 217,8 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінге дейін оның алтауы іске қосылып, 183,6 миллиард теңге инвестиция игерілген. Нәтижесінде 1077 жаңа жұмыс орны ашылған. Іске асқан жобалардың қатарында сүт-тауарлы фермалар, жаңбырлатып суару жүйелері, көкөніс сақтау қоймасы және жүгеріні терең өңдеу кешенінің алғашқы кезеңі бар.
Брифинг барысында басқарма басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың алдағы бағытына да тоқталды. Негізгі міндет – өндіріс көлемін арттырумен қатар, қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, мал шаруашылығының өнімділігін көтеру және инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз ету.
Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге саладағы өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Әсіресе, суару жүйелерінің жай-күйі, қант қызылшасы мен жүгері өндірісінің көлемі, мал шаруашылығын қолдау және ірі инвестициялық жобалардың өңірге берер мүмкіндіктері төңірегінде сұрақтар қойылды. Басқарма басшысы журналистер көтерген мәселелерге жауап беріп, тиісті түсініктемелер берді.