Инфрақұрылым мәселесіне барынша көңіл бөлу керек

0 1 069

Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында салынып жатқан 16 шағын ауданның құрылыс барысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жаңа тұрғын алқапта 351 жеке тұрғын үй, 82 көппәтерлі үйдің құрылысы жоспарланған. Бұдан бөлек, жоба бойынша мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимарат, қызмет көрсету нысандары, саябақ, перинаталдық орталық, жұқпалы ауруларды емдеу емханасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мәдениет үйі және тағы да басқа түрлі нысандар көзделген.

Қазіргі таңда шағын ауданда көпқабатты 16 (720 пәтер) үйдің құрылысы жүзеге асуда десек, олар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, биыл аталған алқапта көпқабатты 30 үйдің құрылысы басталмақ.

Облыс әкімі қала басшылығы мен салалық басқармаларға шағын аудандағы инфрақұрылым мәселесіне барынша көңіл бөлу керектігін ескертті. Газ, су, жарық, кәріз, жылумен қамтуда ешқандай кедергілер болмауы тиіс.

Айта кету керек, биыл түрлі бағдарламалар аясында облыс бойынша пайдалануға берілетін пәтер санын өткен жылмен салыстырғанда 227,1 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамту көлемін де екі есеге дейін ұлғайту көзделуде.

Бұл шаралар тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың баспана мәселесін шешуге едәуір мүмкіндік береді.