Есірткі жібермек болғанның жолы кесілді

0 188

Жамбыл облысының Шу ауданы есірткімен айдай әлемге аты шыққан өңір. Кеңес одағы кезінде алып державаның әр қиырынан адамның есін тандыратын улы затты жинауға сан ұлттың өкілдері ағылып жататын. Кеңестік милиция олардың жолына қанша тұзақ құрды, бәрібір нәтиже болмады. «Көк шөпті» де түбегейлі құртып жібере алмады, — деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ел тәуелсіздігін жариялаған соң  өңірдің есірткісіне тәуелділер мен өткізушілердің жолын кесуде шулық, тіпті жамбылдық полицейлер қырағылықты еселеп күшейтті. Мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің есірткіге тәуелділер мен сатушыларды анықтап, қылмыстық оқиғаларды ашудағы қызметі туралы журналистиканың түрлі жанрындағы дүниелер бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде үздіксіз жарияланып келеді.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің полицейлері есірткіні өткізудің тағы да жолына тосқауыл қойған. Шу ауданынының 35 жастағы тұрғынынан есірткінің аса ірі партиясын тәркіленген. Жаңажол ауылындағы ер адамның шаруашылық құрылысын тінту кезінде кептірілген «марихуана», «гашиш» есірткі заттары салынған 15 полиэтилен алынды. Күдікті жабайы қарасораны Астанада сатуды жоспарлаған.

Полиция қызметкерлері біраздан бері күдіктінің ізіне түсіп, кәсібиліктерінің нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымының жолына тосқауыл қойды. 29 килограмм 677 грамм гашиш тәркіленген. Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны үшін ұсталған адамға қатысты мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылатын көрінеді. Өзінің кінәсін мойындаған күдікті Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Бұл туралы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев мәлім еткен.