ШАРШЫ ТАҚТА ҮСТІНДЕ ШЕБЕРЛІКТЕРІН СЫНАДЫ

0 45

Аудан жастары қай спорт түрінен де болмасын қарсыластарына дес бермей мықтылығын мойындатып жүр. Сондай мақтан тұтар спортшылар арамызда баршылық. Қазір білектің күшінен бөлек ой сарабына салмақ салатын ойын шеберлері озып тұр.

Жақында Меркі ауданында «Үміт» Оқушылар сарайында шахматтан рапид және блиц бойынша ауданның ашық чемпионаты өтті. Оған Т.Рысқұлов ауданының 25 шахматшысы қатысты. Ойын ережесінде әр рапидте шахматшыға 20 минут берілді.

Рапид жарысында ересектер арасындағы облыс чемпионы, Т.Рысқұлов ауданынан келген жас Шапағат Қонысбай турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Құлан ауылының тұрғыны Жандос Әдебаев, үшінші орынды Меркі ауданының тұрғыны Асқар Туғанбаев иеленді. Ал, әйелдер арасында Ақерке Сейтқазиева жеңімпаз атанса, екінші орынды — Диана Сулейманова (екеуі де Меркі ауданынан), үшінші орында Т.Рысқұлов ауданынан А.Рысқұл иеленді.

Блиц бойынша турнирде Шапағат Қонысбай чемпион болса, екінші орынды Меркі ауылынан Олег Александровичке бұйырды. Үшінші орынға Жандос Әдебаев, Диана Сулейманова, Ерсайын Бақыт, Тынышбек Кембай сарапқа салып, коэффициент бойынша Ж.Әдебаев шықты.

Жарыс соңында шахмат федерациясы чемпионатын өткізуге қолдау көрсеткен демеуші «Жылыбұлақ Мерке» ЖШС-ына директоры Елдос Ақытаев барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарға Меркі ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдарымен және дипломдарымен табыс етті.

Аталмыш жарыс Құлан ауылында да жалғасын тапты. Онда ересектер арасында шахматтан облыстық чемпионат өтті. Оған 28 шахматшы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жарыс барысында Тараз қаласынан келген Валихан Расулов жеңімпаз атанса, екінші орын Шу қаласынан Тілеумберді Атахановқа, үшінші орын Тараз қаласынан Адижан Есенғалиға бұйырды. Ал 50-64 жас аралығындағы бәйгеде Шу қаласынан қатысқан ардагерлер арасынан Б.Нұрымов (Тараз қ.) чемпион атанды, ІІ орынды Серік Райымқұлов, үшінші орынды Құлан ауылынан келген Қанат Сәлімбай иеленді.