Тірлік басы – тәртіпте

0 39

Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ілебаев Лесбек Құралбайұлы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Әлібеков Серік Айдарұлы арнайы іс-сапармен Меркі ауданында болды, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Иә, мемлекеттік қызметшілер үкімет ұстанған сарабдал саясатты жергілікті жерде алға ілгерілетіп, оның міндетті түрде орындалу сатысында кәсіби біліктілікпен салмақты із қалдыра білетін, мемлекеттің бейнесін көрсетер бет айнасы болуы замана талабы.

Міне, осы ретте, облыстық қонақтардың да басты мақсаттары – ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу арқылы оларды тиісті заңнамалармен таныстыра отыра, қызметшілердің тыныс-тіршілігінен хабардар болып, уәждеріне құлақ салу еді.

Алдымен, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Тұрар Досекемен бірлесіп, Ақтоған және Жамбыл ауылдық округтері әкімдері аппараттары, сонымен қатар, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен ашық форматта жүздескен Л.Ілебаев пен С.Әлібеков мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін негізгі талаптар мен міндеттерді зерделеп, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы олардың ой-пікірін білумен қатар, мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген кейбір өзгерістер мен толықтырулар жағына да тоқталып өтті. Ал, жергілікті мемлекеттік қызметшілердің басты сұрақ-сауалдары мемлекеттік көрсетілетін кейбір қызметтерді жетілдіру мен қызметтік мәселе бойынша туындайтын жеке ұсыныстардан тұрды.

Аталған кездесулерден соң, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен аудандағы мекеме қызметкерлері және ауылдық округтердің әкімдері қатысқан қорытынды жиын кезінде, аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Тұрар Досеке өз құзырына сай, өткен 2020 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың 1-тоқсанындағы есебін баяндап өтті. Онда ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы әдеп нормаларын ұстануы, әлеуметтік желілердегі халық тарапынан наразылық, билікке сенімсіздік таныту мен түрлі мекемелердегі, негізінен, басшының жағымсыз іс-әрекеттерінен туындайтын ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың ушығуы сияқты жай-күйлер тізбегі тұрақты бақылауда тұрғаны баян етілді.

Өз ретімен сөз алған облыстық қонақтар Лесбек Ілебаев пен Серік Әлібеков мырзалар, өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет саласында болып жатқан өзгерістер бойынша кеңінен түсіндірді. Олардың айтуынша, Меркідегі мемлекеттік қызметшілер арасында әкімшілік-құқықбұзушылық жауапкершілікке ешкім тартылмаған, ол туралы фактілер тіркелмеген, яғни, ол бағытта жанды жұмыстар атқарылып жатқаны осы көрсеткішпен дәлелденіп тұр.

Жарыссөз кезінде сөз алған Андас батыр ауылдық округінің әкімі Бейбітбек Мәжиев пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиевтер жеткізген мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жекелеген ой-пікірлер мен ұсыныстарға, сонымен қатар, өзге де жиынға қатысушылар қойған бірқатар сұрақ-сауалдарға облыстық қонақтар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.