Алматыда 1300-ден астам көпқабатты үй жөндеуден өтті
Алматыда соңғы 9 жылда мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 305 үй жөнделді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев мәлім етті, деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қалада үйлердің жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. «Тұрғын үй қорын жаңғыртуға қатысты Басқармада 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасын іске асыру кезінде 2011-2020 жылдар аралығында 1 305 үй жөндеумен қамтылды»,– деді Мейіржан Отыншиев.
Сонымен қатар, ол 138 көпқабатты үйде 300 лифт ауыстырығанын атап өтті. Сондай-ақ, 62 үй бойынша күрделі жөндеуге шарттар жасалды, оның ішінде 20 үй бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 42 үй бойынша жұмыс аяқталды.