Амирбеков Галымжан Болатбековичтың сайлауалды бағдарламасы
Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №16 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Амирбеков Галымжан Болатбековичтың Сайлауалды Бағдарламасы
Мен, Амирбеков Галымжан Болатбекович, 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім.
Тараз қаласындағы №17 орта мектепті бітіріп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Тарих» мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолын жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бастадым. 2010 жылдан бастап жеке кәсіппен айналыстым. 2015 жылдан бастап Ықылас Дүйсенқұл атындағы мәдениет үйінде әдіскерлік қызмет атқардым.
2023 жылдан бастап Байзақ аудандық Әл-Фараби атындағы мәдениет үйі директорының орынбасары қызметін атқарып келемін.
«Өнер – ұлттың рухани байлығы, мәдениет – елдің құндылығы!»
Менің басты мақсатым – туған өлкеміздің әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдау.
Өнер саласының маманы ретінде мәдениет пен руханиятты дамытуға, жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға және ұлттық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ерекше мән беремін.
Мәдениет саласындағы тәжірибемді пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының рухани қажеттіліктеріне баса назар аударуды көздеймін. Әсіресе, ауылдық жерлерде мәдени-көпшілік іс-шаралардың мазмұнын арттырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жұмыстарды жандандыру маңызды деп санаймын.
НЕГІЗГІ
БАСЫМДЫҚТАРЫМ:
- Мәдениет пен өнерді дамыту
— Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесін көтеру.
— Ұлттық өнерді, салт-дәстүрді және мәдени мұраны дәріптейтін іс-шараларды қолдау.
— Өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың дамуына мүмкіндік жасау.
Сонымен қатар ауылдардағы мәдениет ошақтарының қолжетімді әрі тұрғындар үшін тартымды орталыққа айналуына ықпал етуді мақсат етемін. Бұл бағытта мәдениет үйлерінің жұмысын жетілдіру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және шығармашылық үйірмелердің санын көбейту мәселелерін назарда ұстау қажет.
- Жастардың шығармашылығы мен әлеуетін арттыру
— Жас таланттарды анықтауға және олардың қабілетін дамытуға бағытталған жобаларды қолдау.
— Жастардың мәдени-көпшілік және шығармашылық іс-шараларға қатысуына жағдай жасау.
— Ұлттық өнерге қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосу.
- Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту
— Ауылішілік жолдар, көшелерді жарықтандыру, ауыз су және абаттандыру мәселелерінің шешілуіне ықпал ету.
— Балалар мен жастарға арналған спорттық және қоғамдық нысандарды дамыту бастамаларын қолдау.
— Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың мәселелерін тиісті органдарға жеткізу.
Ауданның өркендеуі тек инфрақұрылымның дамуымен ғана емес, тұрғындардың белсенділігі мен қоғамдық бастамалардың қолдау табуымен де өлшенеді. Сондықтан ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен игі бастамаларына қолдау білдіріп, қоғамдық маңызы бар мәселелердің оң шешімін табуына атсалысуды маңызды міндетім деп білемін.
- Халықпен ашық байланыс және есептілік
— Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты қарастыру.
— Өзекті мәселелерді шешу үшін жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізу.
— Депутаттық қызметтің нәтижелері туралы халық алдында есеп беру.
Бұдан бөлек, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, туған жерге деген құрметін арттыру және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстарды қолдаймын. Өйткені ел болашағы – білімді, саналы, рухани бай әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында.
Туған өлкеміздің дамуы үшін әрбір саланың өзара үйлесімді жұмыс істеуі маңызды. Осы ретте білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік бағыттағы бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға атсалысуды көздеймін. Әсіресе, ауыл жастарының сапалы білім алуына, кәсіби тұрғыда дамуына, өз қабілеттерін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жобалардың көбеюіне мүдделімін. Сонымен қатар аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа насихаттау, қоғамдағы өзара сыйластық пен бірлікті нығайту да назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі елдің тұрақты дамуы – тұрғындардың ортақ мүдде жолында бірігіп, туған жердің болашағына бейжай қарамауынан басталады.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ
Туған жерге қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Халықтың сенімін ақтау, ұлттық мәдениетімізді дәріптеу және ауылымыздың дамуына нақты үлес қосу – менің басты міндетім.
Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әрбір ұсыныс пен өтінішке жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызым деп есептеймін. Берілген уәдені нақты іспен дәлелдеп, ел сенімін ақтау жолында адал еңбек етуге дайынмын. Алдағы уақытта да елмен бірге болып, ауданымыздың дамуына бағытталған игі істердің жүзеге асуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Өнерді өркендетіп, елдің игілігіне қызмет ету – ортақ мақсатымыз!
Тапсырыс жасаған тұлға: №16 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Галымжан Болатбекович Амирбеков.
Қандай қаражат ақысынан төленген:
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.