Алмешов Мади Амирбековичтың сайлауалды бағдарламасы

0 4

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №6 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Алмешов Мади Амирбековичтың Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Алмешов Мади  Амирбекович, 1980 жылы 17 қаңтарда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында дүниеге келдім. Білімім жоғары.

1986-1997 жылы осы ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірдім. Отан алдындағы әскери борышымды 1998-2000 атқарып келдім.

Еңбек жолым 2000-2003 жылдары туған ауылымызда, ұжымшарда (колхоз) әртүрлі жұмыстарды атқарумен бастадым.

Ауыл тіршілігінің өзегі-мал шаруашылығы. Сондықтан саналы түрде ветеринария саласын таңдап, 2004-2007 жылдары «Құлан агротехникалық» жоғары колледжін ветеринария мамандығы бойынша тәмамдадым. Біліктілігімді арттыру мақсатында 2008–2011 жылдары Алматы қаласындағы  «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу» университетінде жоғары білім алдым.

2013 жылдан бері Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылында ветеринариялық бекет меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

 Отбасылымын, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті  сайлаушылар!

Мен   сіздерге орындалмайтын бос уәде бермеймін. Осы ауылдың тумасы және кәсіби маман ретінде алдыма нақты, жерге жақын міндеттер қойып отырмын. Депутат болып сайлансам, мына төрт бағытта аянбай еңбек етемін:

Ауыл шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту

Ауылымыздағы мал басының амандығы мен ветеринариялық қауіпсіздікті тікелей бақылауға аламын. Мемлекеттік субсидиялардың әрбір шаруаға әділ, кедергісіз және уақытылы жетуін талап етемін. Ауыл тұрғындарын қинаған жайылымдық жерлердің тапшылығы мен егінге қажетті ағын су мәселесін шешу үшін аудандық деңгейде нақты жұмыстар жүргіземін.

Инфрақұрылымды жақсарту және жайлылық

Мәдімар ауылының ішкі жолдарының сапасын көтеру, көшелерімізді заманауи жарықтандырумен қамтамасыз ету мәселесін тиісті органдардың алдына қатаң қоямын. Әрбір үйге таза ауыз судың тұрақты келуін және бүгінгі заман талабы – жоғары жылдамдықты интернеттің сапалы жұмыс істеуін басты назарда ұстаймын.

Білім, мәдениет және жастарға қолдау

 Өзім бітірген, балаларымыз оқып жатқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің және ауылдағы өзге де әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етемін. Ауыл жастарын спортпен, өнермен айналысуына жағдай жасап, жаңа спорт алаңқайлары мен үйірмелердің ашылуына, олардың ауылда қалып, тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесемін.

Отбасы және әлеуметтік қолдау

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға атсалысамын.

Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан балалардың алаңсыз, қауіпсіз ортада өсіп, ержетуі баршамыздың міндетіміз. Сонымен қатар  округте құқық бұзушылықтың алдын алу, “Заң мен тәртіп” қағидатының орнығуына күш салу,  кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізе беретін боламыз.

Халықпен ашық байланыс және есептілік

 Мені сіздер, яғни халық ұсынып отырғандықтан, мен тек сіздердің алдарыңызда ғана есеп беремін. Мен ай сайын сіздермен жүзбе-жүз кездесіп, атқарылған істер бойынша ашық есеп беріп отыруды дәстүрге айналдырамын. Маңызды жобалардың бюджетте қаралуына ықпал етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға және атқарылған  істер туралы есеп беруге мән беремін.

Қоғамның шынайы дамуы, ең алдымен адамға  жасалған қамқорлықпен өлшенеді. Сонымен қатар ауылдың өсіп өркендеуіне де тығыз байланысты.Жалпы ауылымызды дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру ортақ мақсатымыз.

Мен ұсынған бағдарламадағы әрбір міндет-ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей қатысты мәселе. Өз кәсібімнің маманы ретінде ауылдың өзіндік ерекшелігі мен шешімін күткен мәселесі бар екенін жақсы білемін. Сондықтан тұрғындардың ұсынысын тыңдап, олардың негізінде нақты бастамалар көтеру маңызды деп есептеймін. Алдағы жұмысымда осы ұстанымды басшылыққа алып, сайлау округіндегі   ауылдың қажеттіліктеріне  назар аударуға ниеттімін.

Бізді біріктіретін ортақ құндылық-туған жеріміздің болашағы мен ертеңі. Ауылдың көркеюі үшін жасалатын әрбір игі іс келер ұрпақтың игілігіне қызмет етуі қажет. Сондықтан Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін өте маңызды.

Туған ауылымыздың ертеңі — бүгінгі атқарылатын істердің  нәтижесі. Ауылымыздың дамуына бірге үлес қосайық.

Менің ұраным: Құрғақ сөз емес—нақты іс!

Туған ауылымыз Мәдімардың болашағы – өз қолымызда!

Құрметті ауылдастар!

Туған жеріміздің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе еңбек етуге дайынмын. Әрбір ұсыныс пен өтініш назарымда болып, ауылымыздың игілігі үшін нақты жұмыстар атқаруға күш саламын.

Сайлауда маған сенім артып, қолдау көрсетулеріңізді сұраймын.

Тапсырыс жасаған тұлға: №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мади Амирбекович Алмешов.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.