Алимбетов Нуржан Орынбасаровичтің сайлауалды бағдарламасы

0 4

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №6 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Алимбетов Нуржан Орынбасаровичтің Сайлауалды Бағдарламасы

 ӨМІРБАЯН

Мен, Алимбетов Нуржан Орынбасарович, 1980 жылғы 4 маусымында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келдім.

2001 жылы М.Х.Дулати атындығы Тараз мемлекеттік университетін «Инженер- электрик» мамандығы бойынша, 2004 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін «Заңгер» мамандығын бітірдім.

2017 жылы Тараз Мемлекеттік педагогикалық университетін «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолын 2006 жылы Кеңес орта мектебінде Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі  болып бастап, бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқарудамын.

Қосымша 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жеке кәсіппен айналысып Кеңес ауылынан «Орынбасар-тәти» спорт мектебін салып, 2024 жылы халық игілігіне қолданысқа бердім.

Отбасылымын, 5 баланың әкесімін.

Құрметті Кеңес ауылының тұрғындары!

Әр адамның туған жері жүрегіне жақын. Мен үшін Кеңес ауылы-балалық шағым мен өмір жолымның бастау алған мекені. Ауылдың тыныс-тіршілігі, оның жетістіктері мен шешімін күткен мәселелері мен үшін бейжай қарайтын дүние емес.

Менің мақсатым-ауылдың әрбір мәселесіне жан-жақты қарап, тұрғындардың мүддесін қорғау және Кеңес ауылында спорттың дамуына нақты үлес қосу.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГІЗГІ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

  1. Ауылдың өсуіне сай жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру

Елдімекеннің дамуы халық санының өсуімен қатар жүруі тиіс. Сондықтан ауылдың болашақтағы қажеттіліктерін алдын ала ескеріп, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту маңызды.

-Ауылдың демографиялық өсімі мен білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа мектеп құрылысы мәселесін шешуге ықпал ету.

-Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ғимараттарын жаңарту және олардың жағдайын жақсарту мәселелерін көтеру.

— Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына қажетті жағдайлардың жасалуына атсалысу.

— Әлеуметтік нысандарды дамытуда ауылдың болашақтағы қажеттіліктерін ескеруге басымдық беру.

  1. Тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету

Ауылдың жайлылығы үлкен жобалармен ғана өлшенбейді. Ол-тұрғынның үйінен көшеге шыққандағы қауіпсіздігі, жолдың сапасы, түнгі жарық пен коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы.

— Ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту және жөндеуді қажет ететін көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту мәселесін көтеру.

— Жарықтандырылмаған көшелерді түнгі жарықпен қамтамасыз етуге ықпал ету.

— Электр қуаты, ауыз су және табиғи газ жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді назарда ұстау.

— Көше тазалығы, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі жұмыстарға атсалысу.

  1. Медициналық қызметтің жаңа мүмкіндіктерін ашу

Сапалы медициналық қызмет әрбір тұрғынға қолжетімді болуы керек. Әсіресе алғашқы медициналық көмек пен қажетті зертханалық тексерулерді тұрғылықты жерде алу мүмкіндігі маңызды.

— Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін көтеру.

— Зертханалық талдау бөлімшесін ашу жөніндегі бастаманы қолдау.

— Медициналық ұйымдармен әріптестік орнату арқылы зертханалық қызмет түрлерін ауылға тарту мүмкіндігін қарастыру.

— Тұрғындардың медициналық көмекке уақытылы жүгінуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысу.

  1. Кеңес ауылының әлеуетін балалар мен жастардың дамуына бағыттау

Ауылдың ертеңі-бүгінгі балалар мен жастар. Олардың білім алуына, спортпен айналысуына, өнерін шыңдауына және қоғам өміріне араласуына мүмкіндік беру қажет.

-Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық және шығармашылық бастамаларды қолдау.

-Спорт нысандары мен мәдени мекемелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ықпал ету.

-Жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған жобаларды қолдау.

— Ауыл жастарының білім, кәсіп және еңбек салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты ұсыныстар енгізу.

  1. Ауылдың әлеуметтік әлеуетін сақтау және жетілдіру

Кеңес ауылындағы мәдениет үйі, кітапхана, спорт және білім беру мекемелері-ауылдың қоғамдық өмірінің маңызды бөлігі. Бұл нысандарды сақтау ғана емес, олардың тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндіктерін жетілдіру де маңызды.

— Әлеуметтік нысандардың техникалық жағдайын жақсарту және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін көтеру.

— Мәдениет пен өнер саласындағы ауылдық бастамаларға қолдау көрсету.

— Тұрғындардың қоғамдық және мәдени өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау.

— Ауылдағы қоғамдық тәртіп, санитарлық тазалық және абаттандыру мәселелеріне көңіл бөлу.

  1. Ауыл мүддесін қорғау және қоғамдық сенімді нығайту

Депутаттың негізгі міндеті -тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, халықтың мүддесін тиісті деңгейде қорғау.

— Ауыл үшін маңызды мәселелерді аудандық мәслихат деңгейінде көтеру.

— Жергілікті маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуына ықпал ету.

— Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және жоспарланған жұмыстардың сапасына депутаттық бақылау жасау.

— Тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы есеп беру.

Құрметті Кеңес ауылының тұрғындары!

Ауылымыздың жетістігін еселеу, қордаланған мәселелерін шешу және болашақ ұрпаққа қолайлы орта қалдыру-баршамызға ортақ міндет. Егер маған сенім білдірсеңіздер, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғап, маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал ету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Кеңес ауылының дамуы – әрбір тұрғынның өміріндегі оң өзгеріс.

Тапсырыс жасаған тұлға: №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Нуржан Орынбасарович Алимбетов.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар төленді.