Акипов Руслан Ханафиевичтың сайлауалды бағдарламасы

0 5

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №16 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Акипов Руслан Ханафиевичтың Сайлауалды Бағдарламасы

 «БУРЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ДАМУЫ-ТҰРҒЫНДАРДЫҢ

ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ!»

Мен, Акипов Руслан Ханафиевич, 1981 жылғы 23 мамырда Жамбыл облысы, Бурыл ауылында дүниеге келдім.

1998 жылы Бурыл ауылындағы орта мектепті бітірдім.

 2004 жылы Б.Тұрсұнов атындағы Жамбыл заң колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, «Заңгер» біліктілігін алдым.

2006 жылдан бері «Акипов» жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім.

Қазіргі уақытта «Измир и К»,«R&Co» ЖШС-терінің құрылтайшысы әрі басшысымын.

Отбасылымын, төрт баланы тәрбиелеп отырмын.

 Құрметті Бурыл ауылының тұрғындары!

Ауылдың өркендеуі-оның инфрақұрылымының дамуымен ғана емес, әрбір отбасының тұрмыс сапасымен, балалардың болашағымен, жастардың мүмкіндігімен және тұрғындардың әлеуметтік қорғалуымен өлшенеді.

Мен, Акипов Руслан Ханафиевич, Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде Бурыл ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуіне бағытталған осы бағдарламаны ұсынамын.

Менің басты ұстанымым — халықпен бірге жұмыс істеу, тұрғындардың үнін билікке жеткізу және әрбір өзекті мәселенің шешілуіне нақты ықпал ету.

НЕГІЗГІ АЛТЫ БАСЫМДЫҚ

  1. Білім беру инфрақұрылымын дамыту

— Бурыл ауылында 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес 300 орындық мектеп құрылысын жүзеге асыру мәселесін көтеру.

— «Бәйтерек» және «Дәулет» балабақшаларына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарастыруға ықпал ету.

— Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу.

  1. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру

— Бурыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жанынан зертханалық талдау бөлімшесін ашу мүмкіндігін қарастыру.

— Зертханалық қызмет көрсететін ұйымдармен әріптестік орнату және қажетті ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге ықпал ету.

— Амбулаторияның медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі мен кадрлық қажеттіліктерін тиісті органдар деңгейінде көтеру.

  1. Ауылдық инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсарту

— Жөндеуді қажет ететін ауылішілік көшелерді анықтап, оларды жөндеу жобаларын кезең-кезеңімен бюджетке енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

— Ауыл тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау.

— Көшелерді жарықтандыру, арық жүйелерін жөндеу және су бұру мәселелерін шешу бойынша жобаларды қолдау.

— Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу және жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтеру.

— Қоғамдық көлік қатынасының қолжетімділігін жақсарту мәселесін қарастыру.

  1. Әлеуметтік осал топтарды қолдау

— Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қолдау шараларына қолжетімділігін бақылау.

— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық нысандардың қолжетімділігін арттыру.

— Жалғызбасты қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың мәселелерін тиісті органдарға жеткізу.

  1. Жұмыспен қамту және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту

— Ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу.

— Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізуіне ықпал ету.

— Ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлік жобаларды дамытуға жағдай жасау жөнінде ұсыныстар енгізу.

— Жастарды кәсіптік даярлау және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту мәселесін қолдау.

  1. Әлеуметтік нысандарды дамыту және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау

— Мәдениет үйі, кітапхана және спорт нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу.

— Балалар мен жастарға арналған спорттық және мәдени үйірмелердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

— Қоғамдық аумақтарды абаттандыру, санитарлық тазалық және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау.

— Әлеуметтік маңызы бар жобаларға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуі мен олардың іске асырылу барысына депутаттық бақылау жүргізу.

— Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, депутаттық қызмет нәтижелері туралы есеп беру.

 МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ-ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ!

Құрметті Бурыл ауылының тұрғындары!

Мен үшін депутаттық қызмет — атақ немесе мәртебе емес, бұл — халық алдындағы үлкен жауапкершілік.

Мен ауылымыздың әрбір мәселесіне бейжай қарамай, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, оларды аудандық мәслихат деңгейінде көтеруге және оң шешімін табуына ықпал етуге бар күшімді саламын.

Халықпен бірге — нақты іспен!

Тапсырыс жасаған тұлға: №16 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Руслан Ханафиевич Акипов.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.