Құрманәлі Қуандық Қайратұлының сайлауалды бағдарламасы

0 115

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Құрманәлі Қуандық Қайратұлының сайлауалды бағдарламасы

ӨМІР ЖОЛЫМ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Мен, Құрманәлі Қуандық Қайратұлы, 1994 жылғы 14 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келдім.

2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени-демалыс жұмысы» мамандығы бойынша тәмамдағанмын.

Еңбек жолымды 2015 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде тіл маманы қызметінен бастадым. 2015-2018 жылдары Тараз қалалық мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істедім.

2018 жылы Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде әдіскер қызметін атқардым. 2018-2021 жылдары Тараз қалалық мәдениет үйінде бөлім меңгерушісі, кейін Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары қызметтерін атқардым.

2022-2023 жылдары «Сенім болашағы» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалында менеджер болып еңбек еттім.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келемін.

Мәдениет саласындағы еңбек жолым ұйымдастырушылық және басқарушылық тәжірибесін жинақтауға, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, тұрғындардың сұранысы мен әлеуметтік қажеттіліктерін терең түсінуге мүмкіндік берді.

Отбасылымын, төрт баланың әкесімін.

Қоғамның дамуы-әділеттілікке, жауапкершілікке және халықтың әл-ауқатына негізделеді. Әрбір азаматтың құқығы қорғалған, ауыл мен қаланың мүмкіндігі тең, жастарға жол ашылған, ұлттық құндылықтар дәріптелген қоғам қалыптастыру — ортақ міндет.

Мен, Құрманәлі Қуандық Қайратұлы, мәдениет саласында жинақтаған еңбек тәжірибемді, ұйымдастырушылық қабілетім мен қоғамдық жұмыстардағы білімімді туған өлкемнің өркендеуіне арнауды азаматтық парызым деп санаймын.

«Әділет» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарын басшылыққа ала отырып, Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауды мақсат етемін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

  1. ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ЖӘНЕ ӘДІЛЕТТІЛІК

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заң алдындағы теңдікті сақтау,  мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мәселелерін көтеру. Сыбайлас жемқорлыққа, бюрократияға және қызметтік жауапсыздыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейтуге атсалысу.

  1. ӨҢІРЛІК ДАМУ ЖӘНЕ АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Ауылдық елдімекендердегі жол, ауыз су, электр энергиясы және интернет сапасын жақсарту мәселелерін назарда ұстау. Мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, ауылдарды абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ету.

  1. ӘДІЛ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ЕҢБЕК АДАМЫН ҚОЛДАУ

Шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын және жергілікті өнім өндірушілерді қолдау. Жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіби мамандар даярлау және халықтың табысын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, ардагерлерді, жалғызбасты ата-аналарды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелерін көтеру. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту және әлеуметтік тең мүмкіндіктер қалыптастыруға атсалысу.

  1. БІЛІМ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ЖАСТАР

Ауылдық мәдениет үйлері мен кітапханалардың жұмысын жандандыру, материалдық-техникалық базасын жақсарту және мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселелеріне назар аудару. Ұлттық салт-дәстүрді, мемлекеттік тілді және тарихи мұраны дәріптеу. Жастардың білім, шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету.

  1. ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ МҮМКІНДІКТЕР

Ауылдық елдімекендердегі интернет сапасын жақсарту, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту жөніндегі бастамаларды қолдау. Жастардың ақпараттық технологиялар мен жаңа мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасауға ықпал ету.

  1. ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ

Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, заңсыз қоқыс орындарын жою, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын қолдау. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды дамыту.

БАСТЫ МАҚСАТЫМ-ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ

Мен үшін депутаттық қызмет-халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оның талап-тілегін тиісті деңгейде көтеру және өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету.

Халықпен тұрақты байланыс орнату, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аудару, жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдау және атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беру-депутаттық қызметтің маңызды қағидаттары деп білемін.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Туған жердің өркендеуі-баршамызға ортақ міндет. Байзақ ауданының әрбір ауылы дамып, әрбір отбасы қолайлы жағдайда өмір сүріп, жастардың болашағына жол ашылуы тиіс.

Менің ұстанымым-әділеттілік, жауапкершілік және нақты нәтижеге ұмтылу. Халықтың үнін естіп, азаматтардың мүддесін қорғап, туған өлкеміздің дамуына үлес қосу-басты мақсатым.

БІЗДІҢ БАҒЫТЫМЫЗ – ӘДІЛЕТ!

БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР!

Тапсырыс жасаған тұлға: №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат  Қуандық Қайратұлы Құрманәлі.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.