Жылыту маусымында сақтыққа салғырт қарауға болмайды
Жылыту маусымы басталғалы бері облысымызда тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Мамандар күн сайын аулаларды аралап, тұрғындарға пешті, газ және электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіруде. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
2026–2027 жылғы жылыту маусымы 15 қазаннан басталып, келер жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста 587 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бес адам жарақат алып, алты адам қаза тапқан. Бір тұрғын улы газдан уланған. Өткен жылы осы кезеңде 756 өрт болып, алты адам жарақаттанып, алты адам көз жұмған болатын. Ал биыл 15 қазаннан бері 11 өрт оқиғасы тіркеліпті.
Қыс мезгілінде өрт пен газдан улану қаупі арта түсетіндіктен, тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Есепті кезеңде профилактикалық шараларға азаматтық қорғау органдарының 459 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 364 өкілі және 395 ерікті тартылған. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың 5 867 үйі қамтылып, мамандар оның 3 645-іне кіріп, тұрғындармен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Бұған дейін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған мекенжайлар да назардан тыс қалмаған. Қайта аралау кезінде 11 010 тұрғын үй тексеріліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары 29 168 адамды қамтыған. Мамандар тұрғындарға пеш пен мұржаның жарамдылығын тексеру, мұржаны уақытылы тазалау, электр сымдарының ақаусыз болуын қадағалау және электр құрылғыларын қосулы күйде қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.
Аула аралау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1 980 оқиғасы анықталған. Оның 816-сы автономды жылыту жүйелерін пайдалануға, 744-і электр желілері мен жабдықтарына қатысты болса, 420 жағдайда өзге де кемшіліктер тіркелген. Анықталған олқылықтарды жоюға жергілікті атқарушы органдар да қолғабыс етіп келеді екен. Алғашқы аралау қорытындысында олардың көмегімен 642 тұрғын үй қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілген. Тағы 1 074 үйдегі кемшіліктер сол жерде түзетілген.
Өрт пен газдан уланудың алдын алуда арнайы датчиктердің де маңызы зор. Көміртегі тотығын, табиғи газды және түтінді анықтайтын автономды құрылғылар қауіпті жағдайды дер кезінде байқап, тұрғындарға белгі береді. Биыл облыс бойынша үш мыңнан астам улы газ датчигін сатып алу жоспарланған болса, есепті кезеңде 1 730 құрылғы сатып алынып, оның 594-і орнатылған. Дегенмен мамандар датчик қауіпсіздік ережелерін сақтаудың орнына жүрмейтінін, тек қосымша қорғаныс құралы екенін еске салады.
Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру шаралары да қатар жүргізілуде. Есепті кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында 1 229 материал жарияланып, дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы 1 545 рет хабарлама таратылған. Бұдан бөлек, тұрғындармен 158 кездесу өткізіліп, оған 39 242 адам қатысқан. Ашық сабақтар, дәрістер, нұсқамалар мен қауіпсіз эвакуациялау бойынша практикалық жаттығулар да ұйымдастырылып келеді екен.
Мамандардың айтуынша, өрт қауіпсіздігі – тек төтенше жағдай қызметінің міндеті емес, әр тұрғынның күнделікті жауапкершілігі. Әсіресе жылыту құралдарын іске қоспас бұрын олардың техникалық жағдайын тексеріп, пештің маңына тез тұтанатын заттарды қоймау қажет. Ақаулы электр жабдықтарын пайдалануға, газ құрылғыларын қараусыз қалдыруға болмайды. Ата-аналар балаларға сіріңке мен оттықты ұстатпауы, оларды қараусыз қалдырмауы тиіс. Жалғыз тұратын қарт адамдардың да үйіндегі жылыту құралдарының қауіпсіздігіне көңіл бөлген жөн.
Жылыту маусымы кезінде сақтық шараларын елемеу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды пеш, газ және электр жабдықтарын пайдалану талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Уақтылы байқалған бір ақаудың өзі үлкен өрттің алдын алып, қайғылы жағдайға жол бермеуі мүмкін.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Дархан Қалдырбекке жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қатысты сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.