Салық жүйесіндегі жаңашылдықтар: кәсіпкерге қолдау, салаға серпін
Жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуі мемлекеттік кірістер органдарының жұмыс тәртібіне бірқатар өзгеріс әкелді. Салықтық есептілікті оңтайландыру, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту, цифрлық қызметтердің аясын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру – бүгінгі күннің басты міндеттері. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен тоғыз айдың қорытындысы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндалды. Жиында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Керимов пен «Тараз-кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінің басшысы Ерлан Нұрмаханбетов мәлімет берді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжат салықтық әкімшілендірудің жаңа тетіктерін енгізіп, есептілік тапсыру тәртібін жеңілдетуге бағытталған. Департамент өкілдерінің айтуынша, кодекс қолданысқа енгенге дейін өңірде салық төлеушілер арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы шаралар қазір де жалғасып келеді.
– Біздің басты мақсатымыз – салық төлеушілерді заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы хабардар ету, олардың салықтық міндеттемелерін дұрыс орындауына жағдай жасау. Сонымен қатар бақылау жұмыстарымен қатар сервистік сүйемелдеуге басымдық беріп отырмыз, – деді Ерлан Керимов.
Жаңа кодекстегі елеулі өзгерістердің бірі – салықтық есептілікті ұсыну тәртібіне қатысты. Енді салық төлеуші бастапқы немесе кезекті есептілікті белгіленген мерзімде тапсырмаған жағдайда, ақпараттық жүйе оны нөлдік көрсеткіштермен автоматты түрде қалыптастырады. Ал салық салу объектілері немесе есептілікте көрсетілуі тиіс өзге де мәліметтер болған жағдайда, кәсіпкер қосымша есептілік ұсына алады.
Бұдан бөлек, салықтық есептілік нысандарының саны шамамен 30 пайызға қысқарған. Бұрын қолданылған бірқатар нысандар алынып тасталып, олардың кейбір мәліметтері өзге есептілікке біріктірілген. Бұл салық төлеушілердің уақытын үнемдеп, құжат айналымын азайтуға мүмкіндік береді.
Көлік салығын есептеу тәртібінде де өзгерістер бар. Атап айтқанда, пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейінгі жеңіл автокөліктерге 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 төмендету коэффициенті қолданылады. Соның нәтижесінде ескі көліктер үшін төленетін салық мөлшері азаяды. Сонымен қатар қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын кейбір жеңіл автомобильдерге бұрын қолданылған жоғарылатылған мөлшерлемелер алынып тасталған. Шаруа және фермер қожалықтарына да бір пикап автокөлігі бойынша жеңілдік қарастырылған.
Арнаулы салық режимдері де қайта қаралған. Бұрынғы жеті режимнің орнына биылдан бастап үш түрі енгізілді. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер.
Өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қатары артып келеді. Мәселен, қаңтар айында осы режимді 10 804 адам пайдаланса, қыркүйекте олардың саны 24 525-ке жеткен. Ал оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін базалық мөлшерлеме 4 пайыз болып белгіленгенімен, жергілікті мәслихаттардың шешімімен Жамбыл облысының барлық ауданы мен Тараз қаласында ол 2 пайызға дейін төмендетілген. Яғни кәсіпкерлердің салық жүктемесі екі есе азайған.
Бір қызығы, мөлшерлеме төмендегенімен, бюджетке түсетін түсім көлемі кемімеген. Керісінше, ағымдағы жылы жеке табыс салығы бойынша түсім 1,8 миллиард теңгеге немесе 13,3 пайызға өскен. Бұл кәсіпкерлік белсенділікті қолдау мен салықтық базаны кеңейту жұмыстарының нәтижесін аңғартады.
Жеке табыс салығын есептеу тәртібіндегі жаңалықтардың бірі – базалық салықтық шегерімнің енгізілуі. Оның көлемі айына 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл бұл сома 129 750 теңгеге тең. Аталған шегерім салық салынатын табысты азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Таза парақ» тетігі іске қосылған. Оның аясында заңнамада белгіленген талаптарды орындаған кәсіпкерлерге қызметін тоқтату кезінде жеңілдетілген тәртіп ұсынылады. Атап айтқанда, тиісті шарттар сақталған жағдайда камералдық бақылау жүргізілмейді.
Бұл бастама аясында Жамбыл облысында өсімпұлдар мен әкімшілік айыппұлдарды есептен шығару жұмыстары да жүргізілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 316 миллион теңге есептен шығарылған. Оның ішінде негізгі салық берешегін өтеген 519 салық төлеушінің 57 миллион теңге өсімпұлы кешірілген. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі айналымдарға қатысты 18 салық төлеушіге салынған, бірақ өндірілмеген 259 миллион теңге әкімшілік айыппұлдың күші жойылған.
Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне де басымдық беріп отыр. Қазіргі таңда департамент тарапынан 40 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың 90 пайыздан астамы электрондық форматта қолжетімді. Есепті кезеңде облыс бойынша 455 336 мемлекеттік қызмет ұсынылып, оның 99,7 пайызы электрондық түрде көрсетілген.
Цифрландыру жұмыстары электрондық шот-фактуралар жүйесінде де қарқын алған. Биыл өңірде 15 мыңнан астам салық төлеуші электрондық шот-фактура рәсімдеген. Ақпараттық жүйеде олардың саны 1,8 миллионға жуықтаған. Сонымен қатар тауарлардың шығу тегін растайтын құжаттардың болмауына байланысты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 4 миллиард теңгеден астам қосымша салық есептелген.
Кеден саласында да цифрлық жүйеге көшу жалғасуда. Биыл 11 сәуірден бастап жаңа «KEDEN» ақпараттық жүйесінде «Тауарларға декларация» функционалы іске қосылған. Сәуір мен қыркүйек айлары аралығында «Тараз-ЦТО» кеден бекеті арқылы аталған жүйеде импорт пен экспорт рәсімдері бойынша 8 107 тауар декларациясы ұсынылған.
Салық төлеушілермен кері байланыс орнату да назардан тыс қалған емес. Жыл басынан бері департаменттің Байланыс орталығы 31 871 консультация берген. Қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 98,6 пайызды құраған. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың қорытындысында орталыққа 18 684 өтініш түскен. Демек, азаматтардың кеңес алу белсенділігі едәуір артқан. Әсіресе жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзіміне байланысты өтініштер көбейген тұста байланыс орталығының жұмысы қосымша мамандармен күшейтіліпті.
Ал салық заңнамасының сақталуын бақылау бағытында камералдық бақылау негізгі құралдардың бірі болып отыр. Биылғы тоғыз айда қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы бойынша жалпы сомасы 221,5 миллиард теңгеге 2 380 хабарлама қалыптастырылған. Оның 54,6 пайызы орындалып, нәтижесінде бюджетке қосымша 2,7 миллиард теңге түскен.
Есепті кезеңде барлығы 27 салықтық және кедендік тексеру жүргізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 77 тексерумен салыстырғанда үш есеге жуық аз. Тексеру нәтижесінде 996,3 миллион теңге қосымша есептелсе, бюджетке 1 миллиард 767,4 миллион теңге өндірілген.
Бұдан бөлек, бақылау-кассалық машиналарды қолдану, POS-терминалдардың болуы және қолма-қол ақшасыз төлем қабылдау талаптарының орындалуы да тексеріледі. 1 қазандағы мәлімет бойынша облыста 65 022 бақылау-кассалық машина тіркелген. Департамент мамандары 640 құқық бұзушылық фактісін анықтаған. Оның ішінде бақылау-кассалық машиналарды пайдалану тәртібін бұзудың 484, тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың 102 және төлем карточкалары арқылы төлем қабылдау жабдығының болмауына қатысты 54 дерек бар. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 4,8 миллион теңге айыппұл салынып, өндірілген.
Жиын барысында мамандар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің негізгі мақсаты кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру, есептілік рәсімдерін жеңілдету және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру екенін атап өтті. Алдағы уақытта да салық төлеушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу, цифрлық сервистерді жетілдіру және бюджет кірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге салық заңнамасындағы өзгерістер мен кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.