Инвестициядан нақты нәтиже күтіледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов инвестиция тарту жүйесін жетілдіру және олардың экономиканы дамытуға қосқан нақты үлесін арттыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Капитал үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда инвестиция тартудың қалыптасқан тетіктерін түбегейлі қайта қарап, өкілеттіктердің қайталануына жол бермей, шешімдердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, он күн мерзімде инвестициялық процестерді басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде келісілген ұсыныстар енгізу тапсырылды. Шешім қабылдауға жауапты орталықты айқындап, инвестициялық процеске қатысушылардың бәрінің функцияларын нақты ажыратуды және инвесторлармен жұмысты орталықтан үйлестіруді қамтамасыз ету керек.
Инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
«Президент инвестициялардың тиімділігі іске қосылған өндірістердің санымен және сапасымен, олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануы тиіс екенін атап өтті. Терең өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру жобаларына басымдық берілуі керек», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» холдингтерімен бірлесіп, бір ай мерзімде терең өңдеу жобаларының нақты тізбесін жасау тапсырылды. Әрбір жоба бойынша әлеуетті инвесторларды, жүзеге асыру мерзімдерін, локализациялау деңгейін және экономикалық тиімділігін айқындау қажет.
Шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейтуге және салық саясатын жетілдіруге баса назар аударылды. Осыған байланысты Қаржы, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп, Сауда, Әділет министрліктері «Атамекен» палатасымен, «Самұрық-Қазына» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта мерзімде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу рәсімдеріне шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту мәселесі бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Жиында Салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар бөлек мәселе ретінде қаралды. Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін нақты түзетулер легін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу тапсырылды.
«Бөлек мәселе – ауқатты азаматтарға арналған салық мөлшерлемесі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін», деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын арттыру шараларын қабылдап, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуді қамтамасыз етіп, салық және кедендік әкімшілендіруді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, толық цифрландыруды аяқтауы қажет.