Қордайда аудандық соттың жаңа ғимараты салынуда
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Жантемір Шакиев пен Сот әкімшілігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Азиз Әлиев Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан орталығында салынып жатқан аудандық сот ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Нысандағы жұмыстардың барысы туралы аудан әкімі Бегзат Болатбеков және құрылысқа жауапты мердігер ұйымдардың өкілдері баяндап, атқарылып жатқан жұмыстар, нысанның қазіргі жай-күйі және алдағы міндеттер жөнінде ақпарат берді. Тапсырыс беруші – аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, ал мердігерлік мекеме «Qaz Line Construction» ЖШС-і. Аталмыш бөлім басшысы Бауыржан Жәнетұлы жалпы жұмыстың атқарылуы, жобасы, жоспары жайында баяндады.
Еске сала кетсек, құрылыс жұмыстары 12 маусымда бастау алған болатын, мердігерлер барлық жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, уақытылы аяқталатынын жеткізді. Кездесу барысында барлық жұмыс сапалы орындалуы қажеттігі айтылды.
Жаңа ғимараттың салынуы аудан тұрғындарына сот қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, сот жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек.