Қазақстанда күн суытады: Синоптиктер алдағы үш күнге болжам жасады
«Қазгидромет» мамандары 26-28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады. Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағының көп бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады. Дегенмен кей өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Таулы аймақтарда жаңбырдың қарға ұласу ықтималдығы бар.
Түнде үсік болады
Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына солтүстік-батыстан келетін антициклон әсер етеді. Соның нәтижесінде жауын-шашын азайып, температура төмендейді.
Солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы 1-3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал. 27-28 қыркүйекте мұндай жағдай елдің солтүстік-батысы мен орталық бөлігінде де болжанып отыр.
Сонымен қатар түнгі және таңғы уақытта кей жерлерде тұман түседі.
Таулы аймақтарда қар жаууы мүмкін
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның шығыс, орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін.
Қай өңірлерде жауын-шашын болмайды?
26-28 қыркүйек аралығында елдің батысы, солтүстік-батысы және оңтүстік-батысында негізінен құрғақ ауа райы сақталады.
27-28 қыркүйекте солтүстік пен шығыс өңірлерде де жауын-шашынсыз күндер күтіледі.
Оған қоса, Қазақстанның көптеген облыстарында жел күшейеді. Оңтүстіктің кей жерлерінде шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Қазан айында ауа райы қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанда қазан айында қалыптасатын ауа райына қатысты болжамын ұсынған еді. Айдың алғашқы күндерінде кей өңірлерде салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталғанымен, кейін температуралық фон өзгере бастайды.
Мамандардың болжамынша, қазан айында өңірлердегі ауа райы біркелкі болмайды. Кей облыстарда жылы күндер жалғасса, басқа аймақтарда жаңбыр жауып, күн суытып, арты қар аралас жаңбырға ұласуы мүмкін.