Мәдениет – руханияттың темірқазығы
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың қатысуымен брифинг өтті. Кездесуде мәдениет және тілдерді дамыту саласында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Спикердің айтуынша, бүгінде өңірде мәдениет саласын дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға айрықша мән беріліп келеді. Мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2026 жылы облыста 8 мәдениет нысанының құрылысына 4,1 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде халықтың мәдени нысандармен және олардың қызметімен қамтылу деңгейі 81,5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Театр және музыка өнері саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан. Облыс театрлары репертуарын 6 жаңа қойылыммен толықтырса, шығармашылық ұжымдар Жетісу, Түркістан, Қызылорда облыстарында және өңірдің бірқатар аудандарында гастрольдік сапарлар өткізді. Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымдары облыс аудандарымен қатар, Алматы, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында концерттер ұйымдастырды. Ақпан айында Үндістанда өткен халықаралық қолөнер жәрмеңкесіне филармонияның «Ақкербез» би ансамблі арнайы шақыртумен қатысып, қазақ би өнерін халықаралық деңгейде танытты. Сондай-ақ 27-29 мамыр күндері Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов атындағы «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» халықаралық актерлер фестивалі өткізілді.
Өңірдегі 19 музейде де цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Музей қорларындағы 13 мыңнан астам құнды жәдігер цифрландырылса, оның 2 507-сі биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жүзеге асқан. Жыл соңына дейін тағы 897 жәдігерді цифрландыру жоспарланған. Тілдерді дамыту саласында да бірқатар көрсеткішке қол жеткізілді. Мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 98,6 пайызды құрады. Мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы аясында 1 855 тыңдаушы оқу курстарына қамтылған. Оның 1 643-і мемлекеттік тілді үйрену курстарына қатысқан.
Жылдың алғашқы алты айында облыста 2 халықаралық, 5 республикалық және 20 облыстық мәдени іс-шара өткізілген. Солардың қатарында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» халықаралық ақындар айтысы, «Кітап – асыл қазына» республикалық кітап фестивалі, Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған «Әнім саған, туған ел!» атты салтанатты кеш және Жамбыл атындағы «Төгейін жырды халқыма» республикалық жыршылар байқауы бар.
– Мәдениет пен тілдерді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл соңына дейін «Күзгі әуен» халықаралық классикалық өнер фестивалі, «Ретро әндер» фестивалі, «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауы, «Тарихпен тілдесу» ғылыми-практикалық конференциясы, «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» республикалық семинары, «Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: Болашақ трендтер» форсайт сессиясы және өзге де мәдени жобалар өткізу жоспарланып отыр, – деді спикер.