Қазақстанда қант қымбаттады
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қант бағасының өсуі тұрғындардың компот, тосап және басқа да қысқы азық-түлік қорын дайындайтын кезеңімен байланысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасының кейбір өңірлерде қымбаттауын маусымдық құбылыс деп бағалап отыр.
«Қант бағасының одан әрі қымбаттауына негіз жоқ. Биыл қант қызылшасынан мол өнім күтіліп отыр. Қазір елімізде 3 қант зауыты жұмыс істейді, ал биыл Таразда тағы 1 зауыт іске қосылады. Соның арқасында жиналған қант қызылшасының толық көлемі өңделеді. Әкімдіктердің қоймаларында қант қоры жеткілікті. Егер нарықта баға құбылса, осы қор нарыққа шығарылады. Бұл бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді, сондықтан қант тапшылығы болмайды», деді вице-министр.
Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда 3 айға жететін қант қоры қалыптастырылған.
Сонымен қатар елде қант қызылшасынан бөлек, Латын Америкасы елдерінен импортталатын шикі қант та өңделеді.
«Дегенмен, қанттың шамамен жартысы, ал қолайлы жылдары 30 пайызы Ресейден импортталады», деді А. Сұлтанов.
Вице-министрдің айтуынша, жекелеген өңірлердегі бағаның өсуіне жеткізілімнің уақытша іркілісі, импорт көлемінің өзгеруі немесе сусындар мен кондитерлік өнім өндірушілер тарапынан сұраныстың артуы себеп болуы мүмкін.
«Әр өңірде көтерме жеткізушілер бар. Кей жерлерде жеткізілім немесе импортқа қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондай-ақ сусын және кондитерлік өнім өндірушілердің жаппай сатып алуы бағаға әсер етуі ықтимал. Алайда бұл жаппай құбылыс емес. Мұндай жағдайлар елдің батыс өңірлерінде және Павлодар облысында тіркелді», деді ол.