Жамбыл облысында жер сілкінді
10 шілдеге қараған түні Жамбыл облысы аумағында жер сілкінісі тіркелді. Эпицентрі Тараз қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 65 шақырым жерде орналасқан жер сілкінісінің магнитудасы 4,5 болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жер сілкінісі сағат 00:59-да тіркелген. Ұлттық ядролық орталығына қарасты Геофизикалық зерттеулер институты Деректер орталығының жедел мәліметіне сәйкес, жер сілкінісінің эпицентрі 42,50° солтүстік ендік пен 70,88° шығыс бойлық координаттарында орналасқан.
Жер сілкінісінің магнитудасы – 4,5, энергетикалық класы – 10,4, ал ошағының тереңдігі 15 шақырымды құрады.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түспеген. Тиісті қызметтер жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.